Зейнетақы, жәрдемақы және жалақы: 2025 жылғы әлеуметтік саладағы өзгерістер

2025 жылы Қазақстанда мемлекеттің барлық әлеуметтік міндеттемесі уақтылы әрі толық көлемде орындалды. Бұл туралы Қазақстан Республикасының Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Светлана Жақыпова ведомствоның жыл қорытындысын шығарып, келесі жылға арналған басымдықтарды таныстыру барысында мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Қазіргі уақытта республикалық бюджет қаражаты есебінен 41 түрлі әлеуметтік төлем жүзеге асырылып жатыр. Олардың қатарына мөлшері жыл сайын индексацияланатын базалық және ынтымақты зейнетақылар да кіреді. Жыл басынан бері зейнетақылар мен жәрдемақылар төлеуге шамамен 5,9 трлн теңге бағытталды. Бұл төлемдерді 4,6 миллионнан астам адам, оның ішінде 2,5 млн зейнеткер және 2,1 млн мемлекеттік жәрдемақы алушы алды.

2025 жылғы 1 қаңтардан бастап базалық зейнетақының ең төменгі мөлшері күнкөріс деңгейінің 70%-ына, ал ең жоғары мөлшері 110%-ына дейін арттырылды. Сонымен қатар, жұмыс берушілердің міндетті зейнетақы жарналарының мөлшерлемесі кезең-кезеңімен өсірілуде – 2028 жылға қарай ол 5%-ға жетеді. Бүгінде жинақтаушы зейнетақы жүйесіне жұмыспен қамтылған халықтың 65%-ы қатысып отыр.

Еңбек нарығы және жұмыспен қамту

Жұмыспен қамтуға жәрдемдесу шараларын іске асыру нәтижесінде еңбек нарығына шамамен 300 мың жас маманның шығуына қарамастан, жұмыссыздық деңгейі 4,6%-ға дейін төмендеді. Жыл басынан бері 820 мыңнан астам адам жұмыспен қамтылды.

Жұмыспен қамтудың белсенді шараларымен 296 мың азамат қамтылды. Олардың қатарында әлеуметтік осал санаттарға жататын 9 239 адам бар, олар бизнес-бастамаларын іске асыру үшін 400 айлық есептік көрсеткішке дейінгі гранттар алды. Сонымен бірге 478 мың қазақстандық оқыту мен кәсіптік бағдарлау курстарынан өтті.

2025 жылы субсидияланатын жұмыс орындарын ұйымдастыру кезінде жұмыс берушілерге қойылатын талаптар күшейтілді. Жаңартылған нормалар рәсімдердің ашықтығын арттыруға және мемлекеттік бағдарламаларға қатысушыларды нақты жұмыспен қамтуды қамтамасыз етуге бағытталған.

Біліктілік жүйесі және еңбек қауіпсіздігі

Ұлттық біліктілік жүйесін дамыту аясында 1,1 мыңнан астам кәсіпті қамтитын 132 кәсіби стандарт әзірленіп, жаңартылды. Олардың 600-і жұмысшы мамандықтарына тиесілі.

Еңбекті қорғау саласында қабылданған шаралар нәтижесінде өндірістік жарақаттану деңгейі 6,5%-ға, ал өлім-жітім көрсеткіші 4,5%-ға төмендеді.

Мемлекеттік еңбек инспекторлары 55,1 мың қызметкердің құқығын қорғап, 2,2 млрд теңге көлеміндегі жалақы қарызының өтелуін қамтамасыз етті. Жұмыс берушілерге 3 781 нұсқама беріліп, 470,7 млн теңге көлемінде айыппұл салынды.

Мүгедектігі бар адамдарды қолдау

Мүгедектікті белгілеудің проактивті форматына көшу жалғасуда. Қазіргі таңда бұл формат 50-ден астам нозологияны қамтиды. Осы тәртіппен 99,6 мың өтінім қаралды, оның ішінде 66,2 мыңы тәуелсіз сарапшылардың қатысуымен жүзеге асырылды.

Организмде қайтымсыз өзгерістерге әкелетін нозологиялар бойынша мүгедектікті жедел белгілеудің пилоттық жобасы іске қосылды. Бұл жағдайда рәсімдеу мерзімі бір жұмыс күніне дейін қысқартылды.

Әлеуметтік қызметтер порталы арқылы 522 мыңнан астам адам көмек алды, ал 27 мың азамат инватакси қызметін пайдаланды. Ел бойынша 24 мыңнан астам нысан толық бейімделді.

2025 жылдан бастап арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталықтарын лицензиялау және жан басына шаққандағы қаржыландыруға көшу енгізілді. Нәтижесінде 582 лицензия беріліп, 94 мыңнан астам адам осы қызметтермен қамтылды.

Цифрландыру және көші-қон саясаты

Қазіргі таңда әлеуметтік қолдаудың бірыңғай цифрлық платформасын енгізу жұмыстары жүргізілуде. Бұл жүйе әлеуметтік көмекті тағайындауда санаттық тәсілден бас тартып, отбасылардың әл-ауқатын скорингтік модель арқылы бағалауға негізделген мұқтаждық критерийлеріне көшуге мүмкіндік береді.

Сонымен қатар, 2030 жылға дейінгі жаңа көші-қон саясатының тәсілдері қалыптастырылды. Бұл саясатта көші-қон ағындарын есепке алу, шетелдегі Қазақстан азаматтарының құқықтарын қорғау, білікті мамандарды тарту және этникалық қазақтарды қолдау мәселелеріне басымдық берілмек.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы