Зейнетақы, жәрдемақы және әлеуметтік төлемдер: Қазақстанда кім қанша алады?
Қазақстанда ең төменгі жалақы 85 000 теңге, орташа жалақы 473 158 теңге, ал күнкөріс минимумы 50 851 теңге деңгейінде белгіленген
Қазақстан соңғы жылдары әлеуметтік саясатты жүйелі түрде күшейтіп келеді. Бүгінде бұл бағыт тек уәде күйінде емес, нақты қаржылық механизмдер арқылы іске асып отырғанын көруге болады. Экономист Айбар Олжай да елдегі әлеуметтік модельдің басты ерекшелігі – оның нақты әрі тұрақты жұмыс істеуінде екенін айтады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Елімізде орташа зейнетақы – 157 мың теңге
Қазақстандағы зейнетақы көлемі Орталық Азия елдерімен салыстырғанда айтарлықтай жоғары. Мәселен, елімізде орташа зейнетақы 157 843 теңгені құрайды. Ал Қырғызстанда бұл көрсеткіш 60 706 теңге болса, Өзбекстанда - 61 303 теңге, Тәжікстанда - 22 886 теңге деңгейінде.
Айбар Олжайдың сөзінше, бұл айырмашылық – мемлекеттің басымдығын көрсететін нақты индикатор.
Зейнетақы – бұл жай ғана төлем емес, бұл мемлекеттің өз азаматтарына деген жауапкершілігінің индикаторы. Қазақстанда бұл міндет уақытылы және толық орындалып келеді, - дейді экономист.
Қазір елде 2,5 миллионнан астам зейнеткер бар. Олардың төлемін кешіктірмей беру – бюджет саясатының негізгі бағытының бірі. Экономист бұл ретте Ұлттық қордан бөлінетін трансферттердің рөлі ерекше екенін атап өтті.
Ана мен балаға қолдау қай деңгейде?
Әлеуметтік саясаттың маңызды бағытының бірі – ана мен балаға көрсетілетін қолдау. Қазақстанда бала тууға берілетін біржолғы жәрдемақы 164 350 теңгеден басталып, 272 475 теңгеге дейін жетеді Ал жұмыс істейтін әйелдерге жүктілік пен босануға байланысты төлем 1 158 107 теңгеге дейін төленеді.
Сондай-ақ, бала бір жарым жасқа толғанға дейін ай сайын 24 912 теңгеден 38 493 теңгеге дейін төлем қарастырылған.
Көпбалалы отбасылар үшін де арнайы қолдау бар. Мысалы, төрт баласы бар отбасы 69 330 теңге алады. Ал сегіз және одан да көп баласы бар отбасыларға әр балаға жеке төлем есептеледі.
Бұған қоса “Күміс алқа”, “Алтын алқа” иегерлеріне ай сайынғы төлемдер бар. Яғни, мемлекет тек демографиялық өсімді қолдап қоймайды, оны жүйелі түрде ынталандырады.Бұл – тек әлеуметтік көмек емес, бұл демографиялық саясаттың нақты экономикалық құралы, - дейді Айбар Олжай.
Жұмыссыз қалғандар да қолдау көреді
Экономистің айтуынша, Қазақстандағы әлеуметтік модельдің басты ерекшелігі – оның нақты бағытталғандығында.
Елімізде мүгедектігі бар азаматтарға 61 мыңнан 111 мың теңгеге дейін төлем төленеді. Еңбекке қабілеттілігін жоғалтқандарға орта есеппен 54 742 теңге, ал асыраушысынан айырылғандарға 55 800 теңге беріледі.
Жұмыссыз қалған азаматтар да жүйеден тыс қалмайды – олар бұрынғы табысының 45 пайызына дейінгі төлем ала алады.
Табысы төмен отбасылар үшін атаулы әлеуметтік көмек қарастырылған. Сонымен қатар, 1 жастан 6 жасқа дейінгі балаларға ай сайын 6 487 теңге төленеді. Мұндай модель әлеуметтік тәуекелдерді толық қамтуға мүмкіндік береді. Яғни, адам өмірдің кез келген кезеңінде жүйеден тыс қалмайды, - дейді сарапшы.
Мемлекет тек табысты емес, шығынды да реттейді
Қазақстандағы әлеуметтік саясат тек тікелей төлемдермен шектелмейді. Мемлекет азаматтардың шығынын азайту арқылы да қолдау көрсетеді.
Мысалы, 2026 жылы Астанада қоғамдық көлік тарифтерін субсидиялауға 62,34 млрд теңге бөлінсе, Алматыда бұл көрсеткіш 107,6 млрд теңгеден асады. Сонымен қатар, коммуналдық тарифтердің өсуіне байланысты өтемақылар да қарастырылған.
Бұл жерде маңыздысы – мемлекет азаматтың қалтасына тек табыс арқылы емес, шығынды азайту арқылы да әсер етеді,- дейді Айбар Олжай.
Қазақстанда ең төменгі жалақы – 85 000 теңге
Қазақстанда ең төменгі жалақы 85 000 теңге, орташа жалақы 473 158 теңге, ал күнкөріс минимумы 50 851 теңге деңгейінде белгіленген.
Бұл көрсеткіштер әлеуметтік төлемдермен бірге қарастырылғанда, халықтың базалық өмір сапасын ұстап тұруға бағытталған жүйе қалыптасқанын көрсетеді.
Бұл көрсеткіштер әлеуметтік төлемдермен бірге қарастырылғанда, мемлекет азаматтың базалық өмір сапасын ұстап тұруға тырысатынын көрсетеді. Қарапайым тілмен айтқанда, Қазақстанда мемлекет адамды өмірдің әр кезеңінде “жалғыз қалдырмайды”. Адам туған кезде оны қолдайды. Жұмысынан айырылса уақытша табыс береді. Денсаулығы нашарласа төлем жасайды. Қартайса зейнетақы төлейді, - дейді экономист.