Бүгiн 2026, 11:33 Фото: BAQ.KZ архиві/Арман Мухатов

5% жарна: Зейнетақы ақшаңыз өзіңізге тиесілі болуы мүмкін

Депутат міндетті зейнетақы жарналарын төлеу тетігіндегі өзгерістерді түсіндірді

Мәжіліс депутаты Асхат Аймағамбетов Үкімет кулуарында жұмыс берушілер төлейтін міндетті зейнетақы жарналарының тетігін өзгертуге қатысты ұсынысты түсіндірді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Тиісті ұсыныс бұған дейін айтылған болатын.

Бұл 5 пайыз кімге тиесілі болуы керек? Сарапшылардың басым бөлігі, оның ішінде Ұлттық банктің бұрынғы төрағалары, сондай-ақ бірқатар депутаттар, соның ішінде мен де, жұмыс беруші төлейтін осы 5 пайызды әр адамға жеке бекіту қажет деп санаймыз. Яғни оны ортақ қорда шашыратпай, нақты адамға тиесілі ету керек, – деді Аймағамбетов.

Оның айтуынша, осы 5 пайыздың 4 пайызы тікелей қызметкердің жеке шотына түсуі мүмкін.

Егер жұмыс беруші сіз үшін осы 5 пайызды төлейтін болса, біз ол қаражат сіздің жеке шотыңызға түсуі керек деп есептейміз, белгісіз бір ортақ қорға жиналып, кейін басқа адамдарға бөлінбеуі тиіс. Сондықтан оның 4 пайызы нақты адамның шотына аударылып, ал 1 пайызы ортақ қорға жіберіледі. Ол аннуитет жүйесі арқылы, өмір сүру ұзақтығына байланысты жұмыс істейтін болады. Қазір бұл мәселе әлі де талқыланып жатыр, – деп түйіндеді депутат.