Зейнетақы шотындағы артық ақшаны алу ережесі тағы өзгерді

Қазақстанда біржолғы зейнетақы төлемдерін (БЗТ) тұрғын үй жағдайын жақсарту мақсатында қолдану ережелерінде өзгерістер енгізілді. Енді зейнетақы жинақтарының артығын пайдалана отырып, тек негізгі қарызды төлеуге болады. Яғни, банкке төленетін ай сайынғы төлемдегі пайыздар мен басқа қосымша төлемдер өзіңізге қалады, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Отбасы банк өзгерістерді түсіндірді.

Бұл өзгерістер Қазақстан Республикасы Өнеркәсіп және құрылыс министрінің міндетін атқарушысының бұйрығымен бекітілді және 2026 жылдың 31 қаңтарынан бастап қолданысқа енгізіледі.

Бұрын қалай жұмыс істейтін:

  1. Банк клиенті enpf-otbasy.kz платформасына кіріп, «Тұрғын үй құрылыс жинақтары жүйесі бойынша ипотекалық қарыздың берешегін ішінара өтеу» мақсатын таңдайтын.
  2. Өтінім рәсімделіп, зейнетақы қорындағы артық жинақтарды пайдалануға сұрау жіберілетін.
  3. Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры (БЖЗҚ) өтінімді 5 жұмыс күні ішінде қарайды. Егер зейнетақы жинақтарының артығы болса, біржолғы зейнетақы төлемі Отбасы банкіндегі арнайы шотқа аударылады.
  4. Қаражат түскеннен кейін клиент оны 20 жұмыс күні ішінде пайдалануы тиіс. Әдетте, қарызды ішінара мерзімінен бұрын өтеу кезекті несие төлемі жасалатын күні іске қосылатын, нәтижесінде ай сайынғы төлем өтелетін.

Ай сайынғы несие төлемі бірнеше бөліктен тұрады:

  • Негізгі қарыз – банктің тұрғын үй сатып алу үшін берген қаражаты;
  • Сыйақы (пайыздар) – берілген қаражатты пайдалану үшін есептелетін банк төлемі;
  • Мерзімі өткен берешек пен өсімпұлдар – уақытында төленбеген жағдайда есептеледі;
  • Кейінге қалдырылған төлемдер – қарыз қайта құрылымдалса;
  • Депозиттегі жинақтар – алдын ала қарыз берілген жағдайда.

Енді не өзгереді?

Енді біржолғы зейнетақы төлемдерін пайдалану кезінде «берешек» ұғымы «негізгі қарыз» ұғымымен алмастырылды.

Бұл дегеніміз:

  • Енді зейнетақы жинақтарының артығын пайдаланып, несие бойынша ішінара немесе толық төлеу кезінде тек негізгі қарызды ғана жабуға болады.
  • Ай сайынғы төлемді толық жабу мүмкін болмайды.
  • Несие бойынша сыйақы және басқа да қосымша төлемдер қарыз алушының өз қаражаты есебінен төленеді.

Енді қарызды ішінара немесе толық өтеу қалай жүзеге асады:

  1. Алдымен несие бойынша пайыздар мен басқа қосымша төлемдер қарыз алушының өз қаражаты есебінен төленеді.
  2. Содан кейін негізгі қарыз зейнетақы жинақтарының артығы есебінен өтеледі.

Бұл өзгерістерге байланысты банк операцияларды бейімдеп жатыр, сондықтан enpf-otbasy.kz платформасында өтінімдерді қабылдау 2026 жылдың 30 қаңтарынан 2 наурызға дейін уақытша тоқтатылады.

30 қаңтарға дейін берілген өтінімдер бұрынғы ережелер бойынша қаралады.

  • Зейнетақы жинақтарының артығын сұрау процесі өзгеріссіз қалады.
  • Тұрғын үй жағдайын жақсарту мақсатындағы басқа бағыттарда зейнетақыны пайдалану өзгермейді.

Мысалдар:

Мысал 1:

  • Клиенттің зейнетақы жинағының артық сомасы: 100 000 теңге
  • Ай сайынғы төлем: 74 825 теңге
    • Негізгі қарыз – 65 699
    • Сыйақы – 6 175

Бұрын клиент ай сайынғы төлемді толық жабу үшін БЗТ пайдалана алатын.
Жаңа ережеге сәйкес:

  1. Алдымен 6 175 теңге сыйақыны өз қаражатыңыздан төлеу керек.
  2. Содан кейін БЗТ есебінен 65 699 теңге негізгі қарыз өтеледі.
  3. БЗТ қалдығы: 100 000 – 65 699 = 34 301 теңге, ол қосымша негізгі қарызды жабуға кетеді.

Мысал 2 (алдын ала қарыз):

  • Зейнетақы жинақтарының артығы: 200 000 теңге
  • Ай сайынғы төлем: 75 000 теңге
    • Пайыз – 25 000
    • Депозитке міндетті жарна – 50 000

Бұрын БЗТ толық төлемді жабатын.
Жаңа ережеге сәйкес:

  1. Алдымен пайыздар мен депозитті өз қаражатыңыздан төлеу керек.
  2. Содан кейін БЗТ негізгі қарызды жабуға кетеді.
Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы