Зейнетақы қорындағы ақша неге азайып жатыр?

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. БЖЗҚ салымшылары соңғы уақытта олардың зейнетақы жинақтарының сомасы азайғанын байқап, әлеуметтік желіге жарыса жазды. БЖЗҚ-да салымшылардың шотындағы сома неге өзгеретінін түсіндірді.

БЖЗҚ-ның әрбір салымшысы мен алушысының зейнетақы жинақтары жеке зейнетақы шотына келіп түсетін жарналар мен есептелетін инвестициялық кірістен құралады.

Зейнетақы активтерін басқарушылар (Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі және инвестициялық портфельді басқарушылар (ИПБ)) инвестициялық кіріс алу мақсатында зейнетақы активтерін Қазақстанда және шетелде экономиканың бірқатар секторларындағы түрлі қаржы құралдарына, әртүрлі валюталарға орналастырады. Мұндай әртараптандыру зейнетақы жинақтарының сақталуын және тұрақты табыстылығын қамтамасыз етеді. Инвестициялық кіріс бағалы қағаздар (салымдар және басқа да операциялар) бойынша сыйақы түріндегі кірістерден, қаржы құралдарын нарықтық және валюталық қайта бағалау түріндегі кірістерден, сыртқы басқарудағы активтер бойынша кірістерден және т. б. құралады.

Нарықтық және валюталық қайта бағалаудан түскен кіріс жекелей алынған кезеңде оң да, теріс те болуы мүмкін. Сондықтан инвестициялық қызметтің нәтижесінде шетел валюталары бағамдарының құбылмалылығы және қаржы құралдарының нарықтық құнының өзгеруі салдарынан есептелген инвестициялық табыстың мөлшері әр түрлі болуы мүмкін. Салымшылар мен алушылар 2022 жылдың басынан бері бұған куә болып отыр, - деді қорда.

Зейнетақы жинақтары қаржы құралдарына түрлі валютада инвестицияланды. 2022 жылғы 1 наурыздағы жағдай бойынша инвестициялардың 2/3 теңгемен және 1/3 шетел валютасымен, валюталық инвестициялардың басым бөлігі АҚШ долларымен орналастырылды. Тиісінше, доллар бағамы зейнетақы активтері құрамындағы инвестициялық кіріске әсер етеді: ұлттық валюта нығайған кезде инвестициялық кіріс төмендеп, доллар бағамы өскен кезде жоғарылауы мүмкін.

Зейнетақы активтерінің құнын қайта бағалау аптаның бірінші жұмыс күнінің соңындағы және айдың соңғы күнтізбелік күнінің соңындағы жағдай бойынша апта сайын жүзеге асырылатыны белгілі.

2022 жылдың қаңтары мен наурыздың басы аралығында АҚШ долларына қатысты теңге бағамы әлсіреп, доллар құны 431 теңгеден 495 теңгеге дейін жеткен болатын. Бұдан соң наурыз айының ортасында доллар бағамы 512 теңгеге дейін өсті. Осылайша, апта сайын зейнетақы активтерін оң валюталық қайта бағалау қалыптасты. Салымшылар да өздерінің жеке зейнетақы шоттарында айтарлықтай оң инвестициялық табысты байқады, - деді БЖЗҚ-да.

2022 жылдың 24-25 наурызында Ұлттық валюта бағамы бір доллар үшін 495 теңгеге дейін нығайды. 2022 жылғы 24 наурызда зейнетақы активтері портфелінің валюталық құрамдас бөлігінің өзгеруі ескеріле отырып, сондай-ақ, активтер, оның ішінде сыртқы басқарудағы активтер бойынша теріс нарықтық қайта бағалаудың есептелуі ескеріле отырып, қайта бағалау жүргізілді.

Инвестициялық басқарудың және зейнетақы активтерін есепке алудың барлық жүйесі ашық болып табылады: әрбір салымшының өзінің инвестициялық табысын enpf.kz сайты немесе мобильді қосымшадағы жеке кабинеттен 24/7 тәртібінде көруге мүмкіндігі бар.

Егер сіз зейнетақы жинақтарының бір бөлігін тұрғын үйге, емделуге пайдалануға немесе инвестициялық портфельді басқарушыға (ИПБ) аударамын деп шешсеңіз, уәкілетті операторға біржолғы зейнетақы төлемдерін алу немесе ИПБ аударуға өтініш берер алдында қолжетімді қаражат туралы мәліметпен қоса, өзіңіздің зейнетақы жинақтарыңыз туралы өзекті ақпаратты тексеруді ұсынамыз. Зейнетақы жинақтарын алу туралы өтінішіңіз орындалуы үшін аптаның бірінші жұмыс күнінің соңындағы және айдың соңғы күнтізбелік күнінің соңындағы жағдай бойынша апта сайын зейнетақы активтерінің құнын қайта бағалаудың жүзеге асырылатынын ескеруді ұсынамыз, - деді қорда.

Атап кететін маңызды мәселе, зейнетақы жинақтары – бұл ұзақ мерзімді инвестициялар және инвестициялық табыстың мөлшерін кемінде 1 (бір) жыл кезеңінде талдау орынды. Қысқа мерзімді деректер (апта сайынғы, ай сайынғы және т.б.) – айқын нәтиже көрсетпейді, өйткені, ол нарықтың үнемі құбылмалығына тәуелді.

Мәселен, салымшылардың (алушылардың) ЖЗШ бөлінген 2021 жылғы таза инвестициялық табыс шамамен 1,4 трлн теңгені құрап, бір жыл ішінде түскен жарналардан асып түсті (1,3 трлн теңге). БЖЗҚ зейнетақы активтері бойынша кірістілік 2021 жылы Қазақстан Ұлттық банкінің басқаруымен жыл басынан бері инфляция 8,4% болғанда (бұл мерзімді банктік депозиттер бойынша табыстылықтан жоғары), 11,13% көрсетті.

Инвестициялық қызмет нәтижесінде, сондай-ақ, шетел валюталары бағамдарының құбылмалылығы және қаржы құралдарының нарықтық құнының өзгеруі салдарынан есептелген инвестициялық кіріс мөлшері 2022 жылдың басынан бері 534,52 млрд. теңге болды. 2022 жылдың басынан бастап салымшылардың (алушылардың) шоттарына бөлінген БЖЗҚ зейнетақы активтерінің кірістілігі инфляция 1,50% болғанда 4,00% құрады. Осылайша, БЖЗҚ зейнетақы активтері бойынша нақты кірістілік 2,50% жетті.

Жалпы, ҚР зейнетақымен қамсыздандыру туралы заңына сәйкес, мемлекет зейнетақы төлемдеріне құқық алған кездегі инфляцияны ескере отырып, зейнетақы жинақтарының сақталуына кепілдік береді. Әлемде баламасы жоқ бұл норма салымшылардың жинақтарын инфляциядан сақтауға ықпал етеді. Зейнетақы жинақтарын ИПБ басқаруына аударған кезде мемлекет кепілдігі басқарушы компанияның зейнетақы активтері кірістілігінің ең төменгі деңгейін қамтамасыз ету жөніндегі кепілдігімен алмастырылады.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы