Зейнетақы қорынан ақша алу қиындай ма? – Министр жауап берді
Еңбек министрі зейнетақы жинағын мерзімінен бұрын пайдалану шегін есептеу әдістемесіне өзгерістер енгізіліп, оны келесі айдың соңына дейін жаңарту жоспарланып отырғанын мәлімдеді.
Үкіметтің баспасөз орталығында өткен брифингте Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Асқарбек Ертаев зейнетақы жинағын мерзімінен бұрын пайдалану шегін есептеу тәсіліне қатысты сұраққа жауап берді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Журналист зейнетақы қорындағы қаржыны мерзімінен пайдалануға болатын жеткілікті шек жаңа тәсілмен есептелетіні туралы мәселе көтеріп, бұл тәртіп азаматтардың қаражат алуын қиындатпай ма деген сауал қойды.
Бұл сұрақты күн тәртібіне енгіздік. Үкімет қаулысының жобасында шекті көтеруге қатысты ұсыныстарды жергілікті атқарушы органдарға бердік. Онда біраз талқылау өтті. Инфляцияға байланысты тағы 10 пайызға көтеру керек деген де ұсыныс болды. Қазір бұл әдістемеге өзгерістер енгізу үшін уәкілетті органдарға жібердік. Енді олар қандай әдістеме мен ұсыныс енгізеді, біз соны пысықтаймыз. Біздің жоспарымыз келесі айдың аяғына дейін өзгеріс енгізу, – дейді министр.
Министрдің айтуынша, зейнетке шыққан кезде азаматтардың табысын арттыру көзделген.
Сенатта БАҚ өкілдеріне айтқан ем, өткен 5 жылда 5 трлндай теңгені зейнетақы қорынан шешіп алды. Бірақ алдағы жылдары 5 трлн теңгені олай шешсек, жинақтау қорының принципі жұмыс істемей қалады. Ақша жинақталмай қалады. Сондықтан азаматтар өз болашағын ойлау қажет, өзінің зейнетақы жасына шыққанда табысы жоғары болуы керек. Біздің мақсатымыз қордан аз шешу, көп жинақтау, – дейді.