Зейнетақы қоры тіс емдеуге берілетін бір реттік төлемді тоқтатпақ

Зейнетақы қорынан тіс емдетуге берілетін бір реттік төлемге уақытша тыйым салынбақ. Ашық НҚА порталына Денсаулық сақтау министрлігінің бұйрығының жобасы жарияланды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Бұйрықтың жобасы 7 тамызға дейін талқыланады.

Біржолғы зейнетақы төлемдері жөніндегі уәкілетті оператор "Отбасы банк" АҚ ақпараты бойынша Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорынан қаражатты стоматологиялық қызметтерге пайдалану кезінде нысаналы емес шығару жағдайлары тіркелген.

Банктің мәліметінше, ол жүргізген қызметтік тексерулердің барысында жалған құжаттарды пайдалану және нақты медициналық қызметтерді көрсетпеу фактілері анықталды.

Осыған байланысты ҚР Денсаулық сақтау министрлігі "Емдеуге біржолғы зейнетақы төлемдерін пайдалану қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің 2021 жылғы 15 ақпандағы № ҚР ДСМ-18 бұйрығына өзгерістер енгізу туралы" бұйрықтың жобасын әзірледі.

Ведомство 2024 жылғы 10 тамыздан бастап 2025 жылғы 1 ақпанға дейін медициналық ұйымдарда көрсетілетін стоматологиялық қызметтер, атап айтқанда тісті протездеу және имплантациялау қызметіне зейнетақы қорындағы жинақты пайдалануға тоқтау салып отыр. Алайда балаларды емдеу үшін біржолғы зейнетақы төлемін пайдалануға болады.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы