Зейнетақы қаражатын алудың тағы бір түрі: бір айда рекорд жаңарды

Қазақстанда біржолғы зейнетақы төлемдерін ем алу мақсатында шешіп алу бағытында жаңа аномалды өсім тіркелді. 2025 жылдың қарашасында пластикалық және реконструктивтік операцияларға төлем жасау үшін 2 277 өтініш орындалған. Бұл көрсеткіш қазан айымен салыстырғанда 33 есеге, ал бөлінген қаражат көлемі 39 есеге артты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры мәліметінше, орындалған өтініштердің жалпы сомасы шамамен 2,1 млрд теңгені құрады.

Салыстырмалы түрде қарасақ, бағдарлама іске қосылғаннан бері 2025 жылдың 1 қарашасына дейін пластикалық операцияларға барлығы 1 631 өтініш қана мақұлданып, жинақ сомасы 1,6 млрд теңгеден аспаған еді. Яғни бір ғана қараша айында бұған дейінгі барлық кезеңнен де көп қаражат шешіп алынған.

Неліктен өсім тіркелді?

Сарапшылардың айтуынша, зейнетақы қаражатын пластикалық операцияларға пайдалану көрсеткішінің күрт өсуі медициналық бағыттар бойынша өтініштерге қойылған шектеулерден кейін байқала бастады. Қыркүйек айында стоматологиялық қызметке ақы төлеу үшін зейнетақы төлемдерін пайдалану тоқтатылған еді. Бұл шешім көптеп анықталған жалған өтініштерге байланысты қабылданған.

Стоматология бойынша өтініштерге шектеу қойылған соң азаматтар ақша шешіп алудың басқа жолдарын іздей бастап, офтальмология – яғни көзді емдеу бағытындағы өтініштер күрт артқан. Алайда бұл салада да күмәнді өтініштер анықталғандықтан, желтоқсан айының басында «Отбасы банк» офтальмологияға байланысты өтініштерді қабылдауды тоқтататынын хабарлады.

Соған қарамастан, қараша айында офтальмология бойынша шамамен 9,8 мың өтініш орындалып, 8,4 млрд теңге шешілді. Дегенмен бұл көрсеткіштер қазан айымен салыстырғанда шамамен үштен бірге төмендеген. Сонымен қатар қайтарылған төлемдер көлемі арта түскен. Сарапшылар мұны кейбір азаматтардың қаражатты мақсатсыз пайдаланғанымен байланыстырады.

Стоматологиялық қызметке төлем жасауға арналған өтініштер әлі де орындалмай отыр. Соған қарамастан, бұл бағытта бұрын берілген төлемдердің қайтарылуы жалғасуда.

Бұған дейін зейнетақы жинағын қанша және қалай алуға болатыны туралы бұған дейін жаздық. Тұрғын үй жағдайын жақсарту немесе емделуге ақы төлеу үшін БЖЗҚ-дан біржолғы зейнетақы төлемін (БЗТ) қалай алуға болады? Қандай шектеулер бар, өтінішті қайда беру керек, ЖТС қалай есептеледі? БЖЗҚ төлем алудың тәртібін түсіндіріп берді.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы