Зейнетақы мен жәрдемақының 70%-ына қатысты тәртіп өзгеруі мүмкін
Қазақстанда толық мемлекеттік қамтамасыз етудегі азаматтардың зейнетақысы мен әлеуметтік жәрдемақысын пайдалану тәртібін өзгерту ұсынылды. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің түсіндіруінше, ұсыныс бір шығынды бюджет есебінен екі рет қаржыландыруға жол бермеуге бағытталған.
Қазір арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталықтарында тұратын азаматтардың зейнетақысы мен мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақысының 30%-ы өзіне беріледі. Қалған 70%-ы орталықтың арнайы шотына аударылып, қосымша тамақтануға, жұмсақ керек-жарақтарға және заңнамада көзделген өзге қажеттіліктерге жұмсалады.
Министрліктің мәліметінше, бұл азаматтардың тұруына, тамақтануына, күтіміне және басқа да негізгі қажеттіліктеріне кететін шығындар бюджеттен қаржыландырылады. Сондықтан ведомство төлемнің 70%-ын пайдалану тәртібін қайта қарауды ұсынып отыр. Мұндай өзгеріс қылмыстық-атқару жүйесі мекемелерінде толық мемлекеттік қамтамасыз етудегі азаматтарға да қатысты.
Ұсыныс қабылданса, азаматтың жеке қажетіне алатын 30% үлесі сақталады. Министрлік көрсетілетін қызмет көлемін қысқарту көзделмейтінін мәлімдеді: тұру, тамақтану, медициналық көмек пен күтім заңнамаға сәйкес мемлекет есебінен қамтамасыз етіле береді.
Жаңа тәртіп азамат толық мемлекеттік қамтамасыз етуде болған кезеңде ғана қолданылмақ. Ол арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталығынан шыққан немесе қылмыстық-атқару жүйесі мекемесінен босатылған соң, тиісті зейнетақысы не мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақысы қайтадан толық көлемде төленеді.
Ведомствоның түсіндіруінше, өзгерістен үнемделетін бюджет қаражаты әлеуметтік жобаларға және әлеуметтік қызметтердің сапасын арттыруға бағытталуы мүмкін.