Зейнетақы жинағына қатысты жаңа өзгеріс күшіне енді
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Енді зейнетақы қорына ерікті зейнетақы жарналарын кемінде бес жыл аударған азаматтар шоттағы ақшасын мерзімінен бұрын алуға құқылы.
1 мамырдан бастап ЕЗЖ есебінен зейнетақы жинақтарын алушылардың тізімі кеңейді.Ерікті зейнетақы жарналары – бұл салымшылардың өз бастамасы бойынша БЖЗҚ-ға салатын ақшасы. Оларды жеке тұлғалар өз пайдасына, жеке және заңды тұлғалар үшінші тұлғаның пайдасына аудара алады. Бұл ретте ЕЗЖ мөлшері мен төлеу кезеңділігін жеке немесе заңды тұлға дербес белгілейді.
«Қазақстан Республикасында зейнетақымен қамсыздандыру туралы» Қазақстан Республикасы заңының 33-бабы 1-тармағына сәйкес Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорында зейнетақы жинақтары бар:
1) елу жасқа толған;
2) мүгедек болып табылатын;
3) Қазақстан Республикасының шегінен тысқары жерлерге тұрақты тұруға кететiн немесе кеткен шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдардың, Қазақстан Республикасының заңнамасында айқындалған, кету ниетiн немесе дерегiн растайтын құжаттарды ұсынған;
4) бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорындағы және (немесе) ерікті жинақтаушы зейнетақы қорындағы ерікті зейнетақы жарналары мен оларға есептелген инвестициялық кіріс сомалары шегінде кемінде бес жыл зейнетақы жинақтары бар адамдардың ерiктi зейнетақы жарналары есебiнен бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорынан зейнетақы төлемдерiне құқығы туындайды.
Осы жаңашылдыққа сәйкес ЕЗЖ бойынша төлемдерді ерікті зейнетақы жарналары зейнетақы жүйесінде кемінде бес жыл болған барлық адамдар ала алады. Осылайша, ЕЗЖ есебінен қаражат жинауды мысалы, 20 немесе 30 жастан бастай отырып, тиісінше 25 немесе 35 жасқа толған кезде салымшылар өздерінің алғашқы төлемдерін ала бастайды.