Зейнет жасына жақындап қалған әріптестерімнің сабағына қызыға қараймын – жас мұғалім

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бүгін – Мұғалімдер күні. Мерекеге орай, биыл үздік педагог атанған Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің «Кәсіптік-техникалық колледжінің» өндірістік оқыту шебері Бейбіт Бибосыновпен сұхбаттастық.

Бейбіт Бибосынов 1990 жылы Жамбыл облысында дүниеге келген.

Білім саласына ойламаған жерден келдім. Достарыма мені мұғалімдеріміз сөгетін шығар деп қалжыңдап тұрамын. Мынадай ырымға сенбейтін едім, бірақ енді сенетін болдым: мектепте оқып жүргенімде мұғалімнің орнына отырып алатынмын. Мұғалім кіріп келгенде «Не үшін отырсың? Сен осы мұғалім боласың-ау!» деп ұрысатын. Бала кезімде мұғалім болуды армандаған емеспін. Мен жолсерік болғым келді. Бала кезімде пойызбен жиі қыдыратынмын. Осыдан болар жолсеріктердің жұмысы ұнайтын. Дегенмен өмірдің ағысымен білім саласына келдім, - дейді ол.


Мұғалім алғашқы жұмыс жолы Алматыдағы білім мекемесінен бастаған.

Өзім кәсіптік лицейде білім алғанмын. Оны тәмамдаған соң Алматыдағы ЖОО-ға түстім. Кейін тұрақтаған үйімнің қасында кәсіптік лицейді байқадым. Ертесіне жұмыс болса, сөйлесіп көру үшін директорымен жолықтым. Директор лицейді оқығанымды естіп, бұл саладағы жүйеден хабардар екенімді түсінді. Нәтижесінде маған орыс тобын берді, жұмысты алып кете алсам, қалатынымды айтты. Сөйтіп 2011 жылы Алматыдағы №10 кәсіптік лицейге жұмысқа тұрдым. Қазір ол Алматы құрылыс-техникалық колледжі деп өзгертілді, - деп түсіндірді Бейбіт Бибосынов.

Алматыда жұмыс істеп қана қоймай, ол білім де алған. Бейбіт осы жылдары шаһардағы Қ.Сәтпаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық зерттеу университетіне оқуға түскен.

Бұл университетте мұнай-газ мамандығы бойынша білім алдым. Бірақ көп әріптесім оқып жатқан мамандығымның маған сәйкес келмейтінін айтып жүрді. Кейін елордаға ауысқанымда да осы туралы тағы естідім. Астанаға келгенімде алдымен Чугунка ауданындағы Құрылыс-техникалық колледжінде 2 жыл қызмет атқардым. Кейін 2016 жылы, яғни осыдан 5 жыл бұрын осы Кәсіптік-техникалық колледжге ауыстым. Қазір өндірісті оқыту маманымын, - дейді ол.

Қазір Бейбіт Бибосыновтың білім саласында еңбек етіп жүргеніне 10 жылдай уақыт болған. Ол бұл салаға келмей тұрып, зауыттарда жұмыс істеген.


2018 жылы Қостанай инженерлік техникалық университетінің елордадағы филиалында қашықтан оқыдым. Мұнда кәсіптік оқыту мамандығы бойынша білім алдым. Оқуға 2018 жылы түсіп, оны 2020 жылы аяқтадым. Қазіргі күні педагогикалық білімім бар, - дейді білім жолы туралы ұстаз.

Шамамен 10 жылдық еңбек өтілі бар маман дәнекерлеушілерді дайындап келе жатыр.

2011 жылдан бастап кәсіптік білім саласында дәнекерлеуші мамандық иелерін дайындап келе жатырмын. Менің түлектерім елорданың ғана емес, сонымен бірге Қазақстанның ірі өнеркәсіп орындарында қызмет атқарып келеді. Әрине, бұл мені қуантады. Студенттерімнің өсіп, дәрежесі жоғарылағанын естігенде өзімнің жақсы ұстаз бола білгенімді, жұмысымның нәтижесі болғанын мақтан тұтамын, - дейді Бейбіт Бибосынов.


Ол мұғалім бойындағы қасиеттерге тоқтала кетті.

Мұғалім болу үшін алдымен адамда шыдамдылық болуы керек. Сондай-ақ адаммен жұмыс істей білуі керек. Мысалы, мұғалім тек студентпен не оқушымен ғана жұмыс істемейді, ол оның ата-анасымен де коммуникация орната білуі тиіс. Қазір цифрлы заман. Осы кезеңде ақпараттық біліктіліктерін жоғары деңгейде пайдалана алатын да, дұрыс қолдана алмайтын да мұғалімдер бар. Зейнет жасына жақындап қалған әріптестерімнің сабақтарына қызыға қараймын. Олардан көп дүниені әлі де үйренген келеді. Ол кісілер де қажет болған кезде заманауи технологияларды да қолданады, - деп атап өтті елордалық.

Ол сабақты қандай әдіс-тәсілдер арқылы өтетініне тоқталды.

Өзім дәнеркерлеуші мамандығындағы студенттеріме сабақты тек практикалық тұрғыда беремін. Мысалы, бүгінгі сабағым металды дәнеркерлеу болса, соны балаларға тәжірибе жүзінде үйретемін. Осы мамандыққа түскен баланың білім алуға қызығушылығын ояту үшін алғашқы сабақта өндіріс орындарына экскурсия ұйымдастырамыз. Мамандықтың қыр-сырын түсіндіреміз, - деп айтты колледж мұғалімі.

Ол студенттерінің арасында практикаға да, тәжірибеге де жақын балаларын барын айтты.

Ол оқытқан студенттердің шамамен 60%-ы бүгінгі күні өз мамандықтары бойынша жұмыс істеп жатыр. Қалған 40%-ы әр түрлі салаға ауысқан, бірі киноиндрустриясында, кейбірі бизнеспен айналысады.


Оның айтуынша, мұғалім үнемі ізденіс үстінде болуы керек.

Дәнекерлеу құралдары да заман талабына сай цифрланған. Студенттерге білім берерде алдымен ескі техникалармен білім беруді бастайды. Кейін кезеңімен жаңа технологиялармен де салыстырмалы түрде балаларға білім береміз. Сөйтіп қайсысымен жұмыс істеген балалардан сұраймыз. Жалпы нарықта мамандығымызға қажетті шыққан жаңа технологияларды үнемі зерттеп отырамыз. Шығарушы компаниялардан видеонұсқаулықтарын аламыз. Сөйтіп онымен жұмыс істейміз. Қолымызда құрал жоқ болса да, қыр-сырын үйретуге тырысамыз. Өйткені студент нарықтан қалып қоймауы керек. Сол себепті үнемі ізденіс үстіндеміз, - дейді Бейбіт Бибосынов.

Ол сұхбат барысында біліктік арттыру курстарына барып тұратынын айтты. Ол елордада, одан бөлек, шетелдеде біліктілігін арттырған.

Бейбіт Бибосынов биылғы жылдың үздік педагогы атанды. Конкурстан қалай озып шыққаны туралы да айта кетті.

Бұл атақ 10 жыл еңбек өтілі бар маманға беріледі. Кешеден бері конкурсқа қатысу қиындық тудырмады ма деп сұрап жатыр. Әрине жоқ. Өйткені мен 10 жылдық еңбегімнің жемісін көрсете білдім. Конкурс алдымен колледжішілік болды. Кейін қалалықтан ІІ орын алдым. Сөйтіп құжаттарымды республикалық байқауға ұсындым. Нәтижесінде үздіктердің қатарынан көріндім, - деп айтты маман.


Сөз соңында ол әріптестерін кәсіби мерекемен құттықтады.

Әріптестеріме алдымен шыдамдылық тілеймін. Бес саусақ бірдей емес. Балалардың әрқайсысы әр түрлі. Дендеріне саулық, табыс тілеймін. Төл мерекеміз құтты болсын! – деп сөзін қорытындылады ол.

2 қазан күні кәсіптік білім беру саласының мамандарының төл мерекесі. Осы ретте Бейбіт Бибосынов қос мерекені қатар атап өтіп жатыр.



Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы