Зейнет жасын төмендету мәселесі қарастырылып жатқан жоқ – министр

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. ҚР eңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов бүгін ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметі алаңында өткен онлайн брифинг барысында зейнет жасын ұлғайту немесе төмендету мәселесіне тоқталды.

Зейнет жасын ұлғайту немесе төмендету бір мезетте шешілетін мәселе емес. Кез келген елде, әлемде бұл мәселеге қатысты шешім қабылданғанда зерттеулерге, ұзақ мерзімді болжамдарға сүйеніп жасалады. Экономикалық, демографиялық факторлар ескеріледі. Жұмыс істеп жүрген азаматтар мен зейнеткерлердің санының арасындағы арақатынас мөлшері, халықтың қартаю динамикасы және басқа да көрсеткіштер ескеріледі, - деді ол.

Біржан Нұрымбетов Қазақстанда зейнет жасын белгілеуде өзге елдердегі трендтер де ескерілгенін айтады. 

Кез келген зейнетақының түрі еңбек өтіліне байланысты. Яғни, неғұрлым еңбек өтілі жоғары болса, соғұрлым зейнетақының мөлшері де жоғары. Бұл жағдайда экономикалық та, нарық мәселесін ескеру қажет. Әлемдегі трендтерді ескере келе бүкіл дүние жүзіндегі елдер қайта зейнет жасын ұлғайтуға барып жатыр. Әрине, Еуропа елдерінде зейнет жасы бұрын да біздікінен жоғары болған. Әлемдік тәжірибені де ескеріп, өзіміздің экономикалық, демографиялық жағдайға сүйене отырып, бүгінгі таңда үкіметтің тарапынан зейнет жасын төмендету мәселесі қарастырылып жатқан жоқ, - деп түсіндірді Нұрымбетов. 

Айта кетейік, бұған дейін Мәжіліс депутаттары қазақстандықтардың зейнетке шығу жасын қайта қарауды сұраған еді.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы