Зейнет жасын 64-ке көтерген Макронның басына жұмыртқа тиді
Келеңсіз оқиға Франция президенті Эммануэль Макронның халықпен кездесуі кезінде болды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Оқыс оқиға Францияның Эльзас қаласында болған. Белгісіз ер адам кенеттен мемлекет басшысына жұмыртқа лақтырды. Жұмыртқа Франция басшысының дәл қақ маңдайына тиді. Президенттің күзетшілері оны бірден бүркеп алды.
Айта кетсек, Эммануэль Макрон осындай жағдайға алғаш тап болып отырған жоқ. 2021 жылдың қыркүйек айында Лиондағы халықаралық жәрмеңкеде Макрон көрмені аралап бара жатқанда, оған жұмыртқа лақтырылған еді. Ол кезде президенттің маңдайына емес иығына тиген болатын. Күзетшілер шабуыл жасаған адамды бірден құрықтады.
Осыдан бірнеше күн бұрын елде бірнеше рет шерулер мен митингілер өтті. Халық зейнет жасының ұлғайтылуына қарсы болды. Дегенмен елдің наразылығына қарамастан, Макрон тиісті жарлыққа қол қойды. Енді француздар 64 жастан бастап зейнетке шыға алады.
Еске салсақ, біздің елде де мемлекеттік қызметшілер осындай жағдайға тап болған. 2012-2013 жылдары Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігін басқарған Серік Әбденов ел есінде «Потому что, потому что…» сөзімен есте қалған болатын. 2013 жылы министр Теміртауда жұмысшы әйелдермен кездесуіндегі сөзі халықты қыран-топан күлкіге қалдырған.
Сондай-ақ 2013 жылы 26 сәуірде Алматыда қоғам белсендісі Андрей Цуканов әйелдерге жаңа зейнеткерлік реформа туралы айтып отырған Әбденовке бірден үш жұмыртқаны лақтырады. Тәртіп сақшылары бұзақыны бірден ұстап, 7 тәулікке қамап тастады.