Зейінімізді қалай қалпына келтіреміз? - маман кеңесі

Адамның жүйкесі тозып, зейіні нашарласа не істеу керек? Мамандар бірнеше кеңес берді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Психолог Үміт Оралбекова зейін қандай себептермен нашарлайтынын атап өтті.

Қазіргі таңда көп адам смартфонды жиі қарап, кітап оқуға немесе ұзақ уақытты видео қарауға зейіні шыдамайды. Мұның бірнеше себебі бар. Бірінші себеп - адамның қарбалас жұмыстардың кесірінен стресстік жағдайда жүруі. Екіншіден, күн тәртібінің өзгеруі. Үшіншіден, сыртқы факторлардың әсерінен жас ұлғая келе адамдардың бір нәрсеге ұзақ назар аударуының қиындай береді, - деді маман.

Психолог зейінді дамытуға арналған бірнеше кеңес берді.

Зейін шоғырлануын дамытатын бірнеше жаттығу бар. Атап айтсақ, оның бірі медитация жасау. Медитацияға күніне тым болмағанда 10-20 минут бөлу арқылы зейін шоғырлануын дамытуға болады. Бұны зертханалық тәжірибелер нәтижесінен де көре аламыз. Жалпы, адам спортпен шұғылдану керек. Қазіргі таңда қалада тұратын адамдарда физикалық қозғалыс аз. Физикалық жаттығулар адамды алаңдататын сыртқы факторларға мән бермеуге әсер етеді. Келесі әдіс - өлең мен тапқпақ, жырлар жаттау. Ол есте сақтау қабілетін дамытумен қатар, зейін шоғырлануына да әсерін тигізеді, - деді Үміт Оралбекова.

Астана қаласы әкімдігі жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссия мүшесі Лимана Құттыбекқызының сөзінше, зейіннің шаршауы әлеуметтік желіден енген жылдамдықтың әсерінен.

Біз кез келген сұрақтың жауабын әлеуметтік желіден тез арада тауып аламыз. Сондықтан өмірден қысқа мерзімде қалағанымызды алу біздің әдетімізге айналды. Ол, мәселен денсаулыққа зиянын тигізіп жатыр. Қазір тамақты асығыс ішеміз, оның үстіне жылдам дайындалатын тағамдарды жиі тұтынамыз. Мұның соңы семіздікке алып келеді. Ал, жылдам шешім қабылдау арқылы қателіктер жиі жасалынады. Мысалы, ұзақ әрекет жасап, бастаған істі аяғына дейін жеткізуге көңіл қоймау - қаржылық проблемаға да алып келуі мүмкін. Кейде адамдар қарамай, оқымай құжатқа қол қоя салады. Осындай жағдайлар өте көп болып жатыр. Сондықтан, зейінді ұзақ уақыт белгілі бір нәрсеге бұру өте қиын, - деді Құттыбекқызы.

Лимана Құттыбекқызы зейінді дамыту үшін мақсат қою керегін айтады.

Мысалы, медитация жасау, таза ауада серуендеу, сурет салу сияқты. Арт терапия адамның ішкі эмоциясын, ішкі күйін қалыпқа келтіреді. Ашушаңдығын, асығыс жүйке жүйеге әсер ететін мазасыздығын сыртқа шығарады. Өзінің араласатын ортасымен ортақ бір кітапты оқып шығу да зейінді дамытудың бір жолы. Бір фильмді бастап, сол фильмді аяқтап талдап, саралауды қалыптастыру керек, - деді ол.

Қымбат Спабек 

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы