Зерттеу. Табысы аздар елді сынағыш келеді

Президент жанындағы еліміздің стратегиялық зерттеулер институты БАҚ өкілдеріне арналған брифинг өткізді, деп жазады BAQ.KZ тілшісі.

Іс-шара аясында «Қоғам келбеті: елдің даму бағытына қоғамдық көзқарас» атты өңірлік зерттеу жүргізілген. Сауалнамаға еліміздің түрлі өңірлерінен 18 жастан асқан 8000 респондент қатысты.

ҚСЗИ директорының орынбасары Алуа Жолдыбалинаның айтуынша, сауалнама face-to-face сұхбат тәсілінде 17 облыс және Астана, Алматы және Шымкент сияқты республикалық маңызы бар қалаларда өткізілді.

Әлеуметтік зерттеудің нәтижелеріне сәйкес, респонденттердің 72,0 пайызы Қазақстан дұрыс бағытта дамып келеді деп есептейді («Әрине дұрыс» және «Дұрыс деуге болады» жауаптарын таңдағандар»). Сауалнамаға қатысқандардың 19,6 пайызы қарама-қарсы позицияны ұстанады. Жауаптардың табыс деңгейімен корреляциясы байқалады – материалдық табыс деңгейі неғұрлым жоғары болса, респонденттер елдің дамуының жалпы бағытын дұрыс қабылдауға бейім болады және керісінше – табыс деңгейінің төмендеуімен сыни бағалаулардың үлесі артады, - деді Алуа Жолдыбалина ОКҚ-да өткен брифингте.

Өңірлік бөліністе Қызылорда облысының (85,5 пайыз), Ұлытау (79,0 пайыз), Батыс Қазақстан және Қостанай (77,3 пайыз) облыстарының респонденттері елдің даму бағытына оң баға берді.

Респонденттер бүкіл саяси институттардың арасында ел Президентіне ең көп сенім білдіреді – 84,2 пайызы («Иә, сенемін» және «Сенемін деуге болады» жауаптарын таңдағандар). Ел Президентіне Ұлытау (91,8 пайыз), Қызылорда (91 пайыз) және Павлодар (90,3 пайыз) облыстарында ең көп сенім артылады. Көбінесе Президент институтына сенімсіздік Ақмола (19,8 пайыз), Жетісу (17,0 пайыз) облыстарында және Алматы қаласында (17,0 пайыз) байқалады, - деді Алуа Жолдыбалина.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: Орталық коммуникациялар қызметі
Өзгелердің жаңалығы