Зерттеу. Қысқа уақытта миыңызды 10 жылға жасартуға болады

Ғалымдар миды он жылға "жасартуы" мүмкін әдетті атады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Бұл зерттеу PNAS Nexus ғылыми журналында жарияланған.

Экспериментке АҚШ пен Канададан 400-ден астам адам қатысты. Олар интернеттерін толықтай бұғаттап, арнайы қосымша орнатты. Қоңырау шалуға және SMS жіберуге рұқсат берілді. Екі апта өткен соң қатысушылардың зейін қою қабілеті едәуір жақсарғаны байқалды. Олардың зейіні өздерінен он жас кіші адамдармен бір деңгейде болған.

Сонымен қатар, қатысушылардың 90 пайызы психоэмоциялық жағдайының жақсарғанын айтты. Зерттеушілер бұл әсерді антидепрессанттармен салыстырады. Адамдар серуендеуге, сөйлесуге және табиғат аясында демалуға көбірек көңіл бөліп, күнделікті экран алдында өткізетін уақытын екі есеге қысқартқан.

Зерттеу авторларының айтуынша, тұрақты интернет байланысынан толық емес, ішінара бас тарту да зейінге, көңіл күйге және жалпы психикалық жағдайға оң әсер етеді. Алдағы уақытта ғалымдар тек әлеуметтік желілерді немесе басқа да нақты қосымшаларды бұғаттау арқылы осындай әсердің сақталатынын зерттемек. Сонымен қатар, планшет пен ноутбук секілді басқа да цифрлық құрылғылардың миға әсерін тексеру жоспарланып отыр.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: pixabay.com
Өзгелердің жаңалығы