Зерттеу қорытындысы: Қазақстандықтар ЛГБТ насихаты жайлы не ойлайды?

Астанада ЛГБТ насихатына деген қазақстандықтардың көзқарасына арналған кешенді әлеуметтік зерттеудің нәтижелері ұсынылған сараптамалық кездесу өтті. Зерттеуді "Стратегия" әлеуметтік және саяси зерттеулер орталығы жүргізді. Нәтижелер бұл тақырыптың, әсіресе жастарды тәрбиелеу тұрғысынан, қоғамда алаңдаушылық туғызып отырғанын көрсетті, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Қазақстан бойынша жүргізілген сауалнамаға 2,5 мың адам қатысты. Зерттеу еліміздің барлық өңірлерінде жүргізілді.

Әрбір үшінші респондент отбасылық құндылықтарға қауіп төніп тұр деп есептейді

Сауалнамаға қатысқандардың 77 пайызы ерлер мен әйелдер арасындағы қарым-қатынастар дәстүрлі қоғамның моральдық жағдайына қайшы келмеуі керек деп санайды. Алайда өзгерістер бәрібір орын алып жатыр, ал отбасы құндылық ретінде трансформацияға ұшырап, тіпті маңызын жоғалтып бара жатыр.

Қазіргі таңда қоғамда некенің екі формасы әдеттегі құбылыс ретінде қабылдануда. Бірі – рөлдердің тең бөлінуіне негізделген, екіншісі – дәстүрлі рөлдерге негізделген. Соған қарамастан, әр үшінші азамат қазіргі таңда отбасыға қауіп төніп тұрғанын айтады, – деді "Стратегия" орталығының басшысы Ольга Симакова.

Сондай-ақ әрбір төртінші респондент күнделікті өмірде ЛГБТ насихатына тап болғанын атады.

Әртүрлі тақырыптар бойынша жүргізілген көптеген зерттеулер ақпараттандырылу деңгейі жағдайды бағалау мен қабылдауға айтарлықтай әсер ететінін көрсетеді. ЛГБТ насихаты ақпараттық кеңістікте бар екенін мойындауымыз керек. Өйткені қазіргі таңда әрбір төртінші адам күнделікті өмірінде қаласа да, қаламаса да, жиі немесе сирек осыған тап болады, – деді Симакова.

Әлеуметтанушылардың айтуынша, ақпараттық құралдар мен қоғамда гей-пропаганданың барын мойындау арасында тікелей байланыс бар.

Адамдар бұл тақырып жөнінде неғұрлым көбірек білсе, соғұрлым қоғамда ашық немесе жасырын түрде насихат бар екенін жиірек айтады. ЛГБТ туралы ақпаратқа тап болған респонденттер тобы мен ЛГБТ насихатының барын мойындайтындар тобы іс жүзінде сәйкес келеді. Бұл тақырыпқа деген теріс коннотацияның бар екенін және оның манипуляциялық сипаты жөніндегі алаңдаушылықтың барын көрсетеді. Мұндай пікірді 38% респондент ұстанады, – деп атап өтті Ольга Симакова.

Қазақстандықтардың 10-нан 7-сі ЛГБТ насихатын қауіпті деп санайды

Сауалнамаға қатысқандар ЛГБТ тақырыбына қатысты контентке байланысты алаңдаушылық білдірді.

Біз өз зерттеуіміз аясында "Мұндай ЛГБТ насихаты қазақстандық жастар үшін қауіп төндіреді деп ойлайсыз ба?" деген сұрақ қойдық. Нәтижесін көріп отырсыздар, сауалнамаға қатысқандардың 10-нан 7-сі бұл насихат өсіп келе жатқан ұрпақ үшін белгілі бір деңгейде қауіп төндіреді деп есептейді. Сонымен қатар әрбір төртінші адам бұл қауіптің өте жоғары деңгейде екенін айтты. Яғни біз бұл тақырыпқа қатысты қоғамда қорқыныш пен алаңдаушылықтың бар екенін мойындауға тиіспіз, – деді әлеуметтанушы.

Қоғам ЛГБТ насихатына заңмен тыйым салу идеясын қолдайды

Тағы бір маңызды қорытынды: респонденттердің 80 пайыздан астамы ЛГБТ насихатына заң жүзінде шектеу қоюды қолдайды. Дәстүрлі құндылықтар мен балаларды қорғау туралы аргументтер қоғамда кең қолдау тапқан, әсіресе ер адамдар, отбасылы азаматтар және орта арнайы білімі барлар арасында.

Жастар үшін белгілі бір қауіптің бар екеніне негізделген насихатқа тыйым салу туралы аргумент қоғамымызда кеңінен қолдау тауып отыр және ескеруге тұрарлық, – деді Симакова.

Еске салайық, бұған дейін Астанада ЛГБТ-ның жасөспірімдерге әсері талқыланып жатқанын хабарладық.

ЛГБТ үгіт-насихаты балаларға теріс әсер ететіні дәлелденгені туралы жаздық.

Сондай-ақ, 1 жылда әлеуметтік желілерде ЛГБТ жайлы 1559 жарияланым тіркелген. Аталған мәселеге байланысты сарапшы балаларды күмәнді контенттен қорғауды ұсынды.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: - архив/ Артём Чурсинов
Өзгелердің жаңалығы