Зерттеу: Көпбалалы отбасындағы балалар психикасы
Баланың бауырларының көп болуы бала психикасына кері әсер етеді, деп хабарлайды BAQ.KZ. тілшісі.
Мұндай пікірді Америка Құрама Штаттары мен Қытайда зерттеу жүргізген ғалымдар айтты.
Зерттеу жұмыстары не дейді?
Бұл туралы Journal of Family Issues жариялаған зерттеу жұмыстарынан байқауға болады. Зерттеу нәтижелеріне сүйенсек, адамның бауырлары қаншалықты көп болса, олардың психикасы соғұрлым нашар болады екен.
Зерттеуді Америка Құрама Штаттары мен Қытай ғалымдары жүргізген. Олар мектеп оқушыларынан сауалнамалар жүргізіп, бауырластардың әл-ауқатын анықтау үшін психикалық денсаулықтарын бақылаған.
Біз барлық дәлелдерді қосқанда, бауырластардың психикалық денсаулыққа әсері оңнан гөрі теріс екенін анықтадық, - деді зерттеудің жетекші авторы Даг Дауни өз мәлімдемесінде.
Сондай-ақ зерттеу нәтижесінде Қытайда балалардың психикасы нашар екені байқалған, Ал Америка Құрама Штаттарында бауырлары жоқ немесе отбасында жалғыз балалардың психикасы жақсы екенін көрсетті.
Ал АҚШ мәліметтері бойынша психикалық денсаулық тұрғысынан ең әлсіз адамдар үйде үлкен ағасы не әпкесі барлар болды.
Мамандар не дейді?
Сарапшылардың пайымдауынша, психикалық денсаулықтың нашарлауына әкелетін бауырластардың көбеюі көбінесе "ресурстардың сарқылуына" байланысты.
Егер сіз ата-аналық ресурстарды пирог ретінде елестетсеңіз, онда бір бала оның барлық пирогты - ата-ананың барлық назарын және ресурстарын алатынын білдіреді. Бірақ баланың бауырлары көп болса әр бала ата-анасынан алады және бұл олардың психикалық денсаулығына әсер етуі мүмкін, - деп пікір білдірді Дауни.
Алайда басқа зерттеулер бауырластардың көп болуы әлеуметтік дағдылардың жақсаруымен және ажырасу ықтималдығының аздығымен байланысты екенін көрсетеді.
Қазақстанда ше?
Қазақ отбасы үшін 5-6 баланың болуы қалыпты жағдай. Тіпті кей отбасы көп балалы отбасы болуды ерте жастан мақсат етеді. Тарихымызға сүйенсек те ата-бабамыздың 10-15 шақты баланың ата-анасы болып, бәріне бірдей тәрбиені беріп өсіргенінен хабардармыз.
Бірақ соңғы жылдары бұл көрсеткіштің сәл бесеңдегені жасырын емес. Оған 4 балалы отбасыларды «көпбалалы отбасы» мәртебесіне қосқанынан байқаймыз. Бірақ отбасында бала санының көп болуы қаншалықты бала психикасына зиян?
Отбасы және балалар психологы Айгүл Рақметқызы көпбалалы отбасылардың балалары көбінесе тұйықтау келетінін айтады.
Мұндай отбасында балалар тәртіпті, ұяңдау, тұйықтау келеді. Себебі бала көп болған соң тәртіпті өз ата-анасы қойып жатады. Мұндай отбасындағы балалар өз ойың еркін айта алмай, эмоцияларын көп көрсете бермейді,-дейді маман.
Сондай-ақ үйдің үлкені болып бауырларына қарасып өскен жігіт өзінде көп баланың болғанын қаламайды дейді.
Ерте жастан үйдің үлкені бауырлары үшін жауапкершілікті ерте мойнына алып жатады. Бұл баланың ер жеткенде нақты мақсат қоя алуына ықпалын тигізсе, екінші жағынан жүктемені ерте жастан алған соң, өзіне уақыты болмай жатады. Өзің соңғы орынға қойып жатады. Бұл әсіресе қыз балалар үшін қауіпті. Себебі қоғамда бауырларын оқытып, тоқытып кеш тұрмыс құратын қыздар бұған дәлел,-дейді балалар психолы Айгүл Рақметқызы.
Қорытынды
«Балалы үй- базар, баласыз үй – қу мазар» деген сөз бар қазақта. Біздің болашағымыз да, тарихи сабақтастығымыз да осы балалар. Көпбалалы отбасылардың саны артып, еліміздің демографиясының дамуына ықпал жасап жатқаны қуантады. Дегенмен әрбір ата-ана әр баланың дамуына ерекше ықтияттылықпен қарасы ізгі дейміз. Үйдің үлкені ме, кішісі ме, бәрібір. Көңіл де, қош та теңдей бөлінсін!