Зергерлік өнер идеология құралы – Абзал Молдабек

Халқымыздың ұмыт болып бара жатқан зергерлік өнерін насихаттап, қайта жандандыруға үлес қосып жүрген зергердің бірі Абзал Молдабек. Заманауи үлгі мен көнені ұштастырған қолөнер шебері бұл салаға қалай келгені туралы сұхбат барысында сұрап білген едік, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Зергерлік өнерге қызғушылық қайдан пайда болды?

Бұл өнерге деген қызығушылық отбасымдағы адамдардан бастау алған сияқты. Үлкен ағам осы кәсіппен айналысады. Бірден зергерлік өнерге келген жоқ. Басында сурет салды, қолөнердің бірнеше түрімен айналысты. Содан кейін зергерлік өнерге келді. Осы дүниені көріп өскен соң зергерлік өнермен айналысуыма себеп болды. Ата-анам да қолөнерге жақын адамдар. Біздің аталарымызда, нағашы жағымызда домбыра жасаған ұста кісілер бар. Темір ұстасы болған. Қанда бар қасиет деп ойлаймын.

Фото: кейіпкердің жеке мұрағатынан

– Зергер болу үшін адам бойында қандай қасиет болу керек?

Зергер болу үшін адам ізденімпаз болу қажет. Мысалы, бір нәрсені үйреніп алып сонымен қалып қоятын болсаң, әрі қарай зергерлік өнерді дөңгелетіп алып кете алмайсың. Одан кейін сабырлық керек. Бір орында отырып, қозғалмай жұмыс істеу әркімнің қолынан келе бермейді. Күшті талап етпесе де, сол отырып жұмыс істейтін қабілетті талап етеді. Адамның логикасы мықты болу керек. Заттарды жасаған кезде әрқайсысының өз этаптары бар. Сызу, сурет салу сынды қабілеттері жақсы болуы қажет.

– Қазіргі уақытта қолөнер бұйымдарына сұраныс қандай? Сатып алушылар көп пе?

Қолөнер бұйымдарына сұраныс бар. Ол әр зергердің, кәсіпкердің өзінің жарнамасына байланысты. Трендті сұранысты қалай туындатасың, соның да әсері бар. Нарық өзгеріп тұрады. Соған сай жұмыс істеу керек. Кейбір сәттерде қанша жұмыс істеп, талпынсаң да сауда болмайды. Кейде жай ғана жасай салған затың 1-2 жыл трендтен қалмай ұзақ сатылады. Бастысы еңбек! Бізде тек зергерлік бағытта даму емес, яғни түрлі креативті ойлап тауып, сол арқылы әшекейлерді ұсыну.

– Бұйымдарды жасау үшін арнайы заттар керек. Оны қайдан аласыз?

Бұйымдарды жасайтын құралдардың бәрі шетелден келеді. Қытайда зергерлік әшекей жасауға арналған шетелдік брендтер бар. Солардың көшірмесі бар. Әзірге тек сол жақтан алып жатырмыз. Түпнұсқасы өте қымбат тұрады. Ресей, Қытай, Еуропа елдерінен құралдар алуға болады. Бізде шеберханада қолданылатын құрал-жабдықтардың көбісі Ресей, Қытайдан келген. Біразын өзіміз осында жасап алдық.

Фото: кейіпкердің жеке мұрағатынан

– Бір әшекейді жасауға қанша уақыт кетеді?

Бір күннен бастап 1-2 жылға дейін жасай бересің. Оның бағытына байланысты. Кейбір заттарды қатты ойлаудың қажеті жоқ. Оңай болса, бір күнде жасайсың. Мысалы, жұмыр білезік сынды ешқандай өрнексіз бұйымдар болса, жылдам жасауға болады. Ал дизайны болса, оны сызып, жарыққа шағаруға уақыт кетіп қалады. Жасаған бұйымдарымның арасында 1 жыл жасаған жұмыстарым бар. Ол затты 1 жыл жасағаннан кейін оған тағы тапсырыс келсе, 2-3 аптада жасап беруге болады. Тиражға арнап жасау матрицасын аламыз. Біріншісі қиын болуы мүмкін ұзақ уақыт алып, екіншісінде жеңілірек болады. Бұл кәсіпті бастайтын кезде көп ойландым. Себебі елімізде зергерлік өнер дамымаған мамандық. Басқа елдермен салыстырғанда біз 150 жыл артта қалып кеткенбіз. Құрал-жабдық, оқулық жоқ. Университеттің өзінде халық ауыз әдебиеті сияқты ауызша оқыдық. Білім деңгейі де өте төмен. Мен өзім шетелдік кітаптарды оқыдым. Оның өзі маған әзірге базалық білім ғана. Осылардың өзін оқуға маған 10 жыл уақыт кетті. Бұл мамандық бойынша базалық білімнің өзі дұрыс берілмейді. Өзім оқып, үйренген соң курс аштым. Айына бір ғана адамды оқытамын. Топ қылып оқыту жоқ. Жылына 4-5 адам оқиды. Қазір жалпы саны 30-ға жуықтады. Барлығы кәсіптерін жүргізіп жүр. Зергерлер негізі айтарлықтай көп емес. Аз болса да осы 30 адамды оқытқаным кішігірім еңбегім деп білемін.

– Тапсырыс берушілерден келген ерекше өтініштер болды ма?

Осыдан 3-4 жыл бұрын арнайы тапсырыспен көп жұмыс істейтінмін. Өйткені сол уақытқа дейін үйренемін, тәжірибе жинаймын деген жоспар болды. Қазір енді шығармашылық даму қажет болды. Дизайндарымды, әшекейлерімді шығару керек болып, оның бәрін тоқтаттым. Қазір өз қиялымдағы, ойымдағы әшекейлерді жасап жатырмын.

Фото: кейіпкердің жеке мұрағатынан

– Сіз үшін зергерлік бұйым тек әшекей ме, әлде оның мәдени немесе рухани мәні бар ма?

Өнер деген шегі жоқ нәрсе. Сондықтан зергерлік бұйым тек әшекей емес. Ол жерде неше түрлі дүниені көрсетуге болады. Әшекейде еш мағына болмай, тек әдемілік болуы мүмкін. Одан кейін белгілі бір мәдениетті, рухани қозғалысты, отбасы құндылығын насихаттауға болады. Менде көбінесе отбасы құндылықтарына, махаббатқа, нәзіктікке, достыққа арналып жасалады. Компаниямның аты «Алаш» деп аталады. Негізгі мақсатым қазақты біріктіретін идеология болсын деп ашқанмын. Мысалы, мен ру таңбасымен ешқандай әшекей жасамаймын. Сондай кішігірім принциптерім бар. Өнерде идеология болу керек. Мендегі идеология қазақтың ауызбіршілігін, рухани мәдениетін, тарихын біріктіретін жоба болса деп ойлағанмын.

– Сұхбат бергеніңізге рахмет!

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы