Зерде, еңбек, салауат: Астанада ата-ана мен балалар перфомансы өтті

Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің қолдауымен республикалық «Жас Ұлан» бірыңғай балалар мен жасөспірімдер ұйымы Астана қаласында ата-аналар мен балалар перфомансын өткізді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

1 маусым Балаларды қорғау күнінде ұйымдастырылған перфоманс ата-аналардың балаларымен қарым-қатынасының маңыздылығын, сондай-ақ балалардың қоғамның толыққанды мүшелері, олардың құқықтары, міндеттері, пікірлері бар екенін көрсетуді мақсат тұтқан. Сонымен қатар жұртшылықтың назарын балаларды толғандыратын өзекті мәселелер мен проблемаларға аударуды міндет етіп қойған.

Бүгінгі халықаралық мерекелер – Балаларды қорғау күні мен Дүниежүзілік ата-аналар күніне орай біздің министрлік бірқатар шараларды іске асырды. Министрліктің бастамасымен Үкімет мереке күндерінің тізбесін бекітіп, оның аясында Әкелер мен Аналар күнін белгіледі. Министрліктің бұйрығымен елімізде балаларды ерте жастан дамыту кезеңдері бойынша ведомствоаралық жұмыс тобы құрылды. Оның ережесі бекітілді. Жұмыс тобы алдағы уақытта ақпараттық-түсіндіру шараларын өткізеді, - деді Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің бас сарапшысы Жақсылық Киікбаев.

Айтуынша, іс-шаралар балалардың жиі кездесетін өзекті мәселелеріне жұртшылықтың назарын аударуға және қатысушыларға мерекелік көңіл күй сыйлауға бағытталған.

Бүгін балаларды қорғау күніне орай жастар қоғамдық ұйымдарымен бірлесіп ата-аналар және балалардың қатысуымен перфоманс болды. Орталық саябақта алаяқтықтың алдын алу бойынша Алаяқ.net акциясы ұйымдастырылады. Қызықты квест ойындары жоспарланған. Жалпы, министрлік отбасылық-мемлекеттік саясатты жүзеге асырады. Оның ішінде, балаларды қорғау, ата-аналарға барынша жағдай жасап, қолдау көрсету – ведомствоның басты бағыттарының бірі, - деп атап өтті бас сарапшы.

Айта кетерлігі, перфомансқа қатысушылар ұйымның 7 бағыты: зерде, еңбек, салауат, руханият, Отан, Жеті жарғы, экоәлем бойынша арнайы месседждер жазылған плакаттармен шықты. 

Бұл месседждер қазақстандық балаларды толғандыратын мәселелерді назарға алған. Осы іс-шара арқылы балалар өздерінің белсенді азаматтық ұстанымдарын көрсетеді.

Перфомансқа 50-ге жуық адам қатысты. Іс-шара балалар және ата-аналарға арналған квест ойынымен аяқталды.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы