Әзербайжандық абайтанушы мамандар ұлы ақынның мерейтойына дайындалуда
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Баку мемлекеттік университетіндегі Абай Құнанбайұлы атындағы Қазақ мәдени орталығы ұлы ақынның мерейтойына орай бірқатар шара өткізуді көздеп отыр, деп хабарлайды 24.kz.
Баку университеті түркітанушыларының пікірінше, Абайдың мерейтойы ұлы ақын шығармашылығы зерттеулерінің ауқымын кеңейтпек. Осы білім ордасының ғалымдары Абай туындыларына арнап, бірнеше кітап пен көптеген мақала жариялады.Қазақ поэзиясына арналған жеке сабақтар өткіземіз. Қазақтың бай әдебиетін зерттеп, бұл жөнінде кітаптар шығарамыз. Абайдың 175 жылдығына арналған конференциялар өткізу жоспарымызда бар. Кейін Абай шығармашылығы жөнінде ғалымдарымыздың баяндамаларын жеке кітап түрінде басып шығарамыз, - деді БМУ түркітану кафедрасының меңгерушісі Рамиз Аскер.Зерттеушілер Абай туындыларын қазақ тілінен тікелей аударуға үлкен көңіл бөліп келеді. Бұл ұлы ақынымыздың ойын терең түсінуге мүмкіндік береді. "Абайдың шығармашылық жолы", "Абай тұлғасы мен мұрасы", "Абай және Әзербайжан" атты кітаптардың авторы Фируза Агаева биылғы жылды ұлы ақын жылы ретінде жариялаудың маңызын атап өтті.
Әзербайжанда да Абайды қадір тұтады. Біз студенттерімізге Абай шығармашылығының бүкіл тұстарын жеткізуге тырысамыз. 19-ғасырдағы Қазақстан ағартушылары бойынша бағдарламада негізінен Абай туындылары мен оның көзқарасына екпін жасаймыз, - деді профессор Фируза Агаева.Абайдың мұрасын зерттеуде қазақ мәдени орталығы атқаратын жұмысының маңызы зор. Орталық ақын туындыларының бірнеше жинағын басып шығарды.
Бұл орталық Баку мемлекеттік университеті мен Гумилев атындағы Еуразиялық университетінің бастамасымен 2011 жылдың мамыр айында құрылды. Осы уақытта көптеген жұмыс атқарылды. Ең басты еңбегіміз – Абай шығармаларын әзербайжан тіліне аудару. 2017 жылы ақынның "Қара сөздері" тәржімаланған болатын. Сондай-ақ бүгінгі күні әзербайжан тіліне аударылған Абайдың барлық шығармаларын бір жинаққа қостық, - деді Абай Құнанбайұлы атындағы қазақ мәдени орталығының басшысы Фатима Дурсунова.Бұл жинаққа ұлы ақынның жүзден аса өлеңі, үш поэмасы мен қара сөздері кірді. Орталықта қазақ мәдениеті мен әдебиетіне арналған кештер үнемі өткізіліп келеді. Биыл Мұхтар Әуезовтің «Абай жолы» эпопеясын әзербайжан тілінде басып шығарып, "Масғұт" поэмасының арқауы бойынша спектакль қою жоспарланған.
Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Алдыңғы жаңалық
Жердегі ең көне зат табылды
Өзгелердің жаңалығы