Зеленский Украинаның ұлттық пантеонын құру туралы даулы заңға қол қойды
Киевте тарихи тұлғалар жерленетін ұлттық пантеон құрылмақ. Алайда жаңа бастама Польша тарапынан сынға ұшырауы мүмкін.
Украина президенті Владимир Зеленский Украинаның ұлттық пантеонын құруды көздейтін заңға қол қойды. Құжат 22 тамызда рәсімделген, ал бұл туралы ақпарат 23 тамызда Жоғарғы Раданың сайтында жарияланды.
Украин пантеоны міндетті түрде болады. Ал біздің кімдерді батыр деп санайтынымызды тек украиндар өздері шешеді, – деді Владимир Зеленский.
DW басылымының мәліметінше, заң жобасы 1 шілдеде Жоғарғы Раданың бірінші оқылымында қаралып, 290 депутаттың қолдауына ие болған. Кейін құжатты 287 депутат толықтай мақұлдаған.
Пантеонда кімдер жерленуі мүмкін?
Заң жобасына сәйкес, Киевте Украинаның мемлекеттілік дәстүрінің Киев Русінен қазіргі Украинаға дейінгі сабақтастығын бейнелейтін бірыңғай ұлттық мемориалдық кеңістік құру жоспарланған.
Ұлттық пантеон көрнекті украиналық қайраткерлерді қайта жерлейтін орынға айналмақ. Сонымен қатар туған жеріне сүйегін қайтару мүмкін емес тұлғаларға арналған кенотафтар орнату жоспарланып отыр.
Мемориалдық кешен тарихи жадты сақтау, патриоттық тәрбие беру және мемлекеттік деңгейдегі рәсімдер өткізу орталығы ретінде де пайдаланылмақ.
Пантеонда әр дәуірдегі украин мемлекеттерінің басшылары, Украина президенттері, украин әскери құрылымдарының бас қолбасшылары, ғылым, мәдениет, білім, дін және мемлекеттік құрылыс салаларының көрнекті өкілдері, сондай-ақ Украинамен байланысты Нобель сыйлығының лауреаттары мәңгі есте қалдырылуы мүмкін.
Алайда бастамаға қатысты дау да бар. Атап айтқанда, пантеонда Украинаның көтерілісшілер армиясы (УПА) жауынгерлерінің есімдерін мәңгі есте қалдыру мүмкіндігі Польша тарапынан сынға ұшырауы ықтимал.
Польшада УПА Екінші дүниежүзілік соғыс жылдарындағы Волынь қырғынымен байланыстырылады. Варшава бұл оқиғаларды ресми түрде геноцид деп таныған. Бұған дейін Польша билігі Украинаның ұлттық пантеоны туралы бастамаға қатысты қатаң сын айтқан.
Украиналық Novyny.LIVE басылымының мәліметінше, пантеонда нақты кімдердің жерленетіні жөніндегі соңғы шешімді ғалымдардың қатысуымен арнайы құрылған мемлекеттік комиссия қабылдайды.
Польша мен Украина арасындағы пікір қайшылығы
Ұлттық пантеон мәселесі Киев пен Варшава арасындағы тарихи тақырыптарға байланысты пікір қайшылығы күшейген тұста көтеріліп отыр.
Бұған дейін Владимир Зеленский Украина Қарулы күштерінің бір бөлімшесіне «УПА батырлары» атауын беру туралы шешім қабылдаған. Бұл қадамды Украинаға әскери қолдау көрсетіп отырған негізгі одақтастардың бірі – Польша қатаң сынға алған.
Осыдан кейін Польша президенті Кароль Навроцкий Зеленскийді Польшаның ең жоғары мемлекеттік наградасы – Ақ қыран орденінен айырған. Кейін бірқатар украиналық саясаткерлер Польша табыстаған мемлекеттік наградаларын қайтарса, Польшада да кейбір саясаткерлер Украина берген марапаттарын кері тапсырған.
Олардың қатарында «Құқық және әділет» партиясының жетекшісі Ярослав Качиньский де бар. Ол сондай-ақ Польша үкіметін Украинаның Еуропалық одаққа қосылуы жөніндегі келіссөздерге тосқауыл қоюға шақырған.