Зеленский: Украинаға бейбіт келісімнен бұрын қауіпсіздік кепілдігі қажет
Украина президенті Владимир Зеленский журналистердің сұрақтарына жауап бере отырып, елде соғысты "корейлік" немесе "финдік" үлгі бойынша аяқтау мәселесі талқыланбайтынын мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ УНИАН-ға сілтеме жасап.
Зеленскийге «корейлік сценарий» талқыланып жатыр ма деген сұрақ қойылды.
Мұндай сценарий болуы мүмкін дегенді риторикалық тұрғыда айтуға болады. Бірақ біздің жағдай Кореядан мүлде бөлек. Ол жерде соғыс бейбіт келісім-шартсыз аяқталды. Мәселе осыда. Сондықтан бізге қауіпсіздік кепілдіктері қажет. Соғыс ресми құжатсыз аяқталуы мүмкін. Бұл – қауіпсіздік кепілдіктерінің не үшін керектігін түсіндіретін жағдай, – деді ол.
Оның айтуынша, атысты тоқтату – қауіпсіздік кепілдіктерін алуға жеткілікті негіз.
Біз уақыт жоғалтып, соғыстың толық аяқталуы туралы нақты келісім-шартты күте алмаймыз. Қауіпсіздік кепілдіктері бұдан бұрын қажет. Әңгіме тек осы жайлы. Біз «корейлік», «финдік» немесе басқа бір үлгіні қарастырмаймыз. Біздің жағдай – бөлек. Соңында не болатынын ешкім білмейді. Бірақ біз алғашқы қадамды білеміз. Қандай қауіпсіздік кепілдіктерінің біз үшін маңызды екенін білеміз, – деп атап өтті Зеленский.
Бұған дейін ол Еуропаның Украинаға беретін қауіпсіздік кепілдіктерінің мазмұнын да түсіндірген еді.
"Корейлік сценарий" деген не?
"Корейлік сценарий" – қақтығысты толыққанды бейбіт келісімшартсыз тоқтату үлгісі. Бұл модель 1950–1953 жылдардағы Корея соғысының қорытындысына негізделген.
Соғыс 1953 жылы 27 шілдеде бітіммен аяқталды.
Қарсылас тараптар майдан шебін (38-параллель) бекітіп, ені 4 шақырымдық бейтараптандырылған аймақ құрды.
Алайда бейбіт келісімшартқа қол қойылған жоқ. Сондықтан екі Корея әлі күнге дейін ресми түрде соғыс жағдайында саналады.
Соған қарамастан, Оңтүстік Корея АҚШ-тың әскери қолдауымен қуатты экономикаға айналды және берік қауіпсіздік кепілдіктеріне ие болды.
Ресей–Украина соғысында "корейлік сценарий"» мынаны білдіреді:
- қазіргі майдан шебінде атысты тоқтату, бірақ аумақтық өзгерістерді ресми мойындамау;
- буферлік аймақ құру;
- бейбіт келісімшарттың болмауы, бұл жоғалтуларды заңды тұрғыда бекітуден жалтаруға мүмкіндік береді, бірақ шиеленісті сақтайды;
- тараптардың біріне қауіпсіздік кепілдіктерін (мысалы, Украинаға НАТО немесе АҚШ тарапынан) беру.