Зеленский Трампты Украинаға шақырды
Украина президенті Владимир Зеленский АҚШ президенті Дональд Трампты Украинаға шақырғанын мәлімдеді. Оның айтуынша, Трамп елдегі жағдайды өз көзімен көруі тиіс, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі CBS телеарнасына сілтеме жасап.
Зеленский CBS телеарнасына сұқбатты өзі туған Қырым Рог қаласында берді.
Біз сіздің ұстанымыңызды құрметтейміз. Бірақ қандай да бір шешім қабылдамас бұрын немесе келіссөздерге қатысты жоспар құрмас бұрын келіп өз көзіңізбен көріңіз. Адамдардың, бейбіт тұрғындардың, әскерилердің, ауруханалар мен шіркеулердің, балалардың қалай жойылғанын немесе қаза тапқанын өзіңіз көріңіз, – деді Зеленский Трампқа үндеу жасап.
Осы сұқбатында Зеленский егер Киев пен одақтастары Мәскеудің келесі әскери шабуылына қарсы тұруда батылдық танытпаса, Ресеймен арадағы қақтығыстың ушығу қаупі бар екенін айтқан. Оның сөзінше, соғыс қазіргі кезеңінде бүкіл әлемнің қауіпсіздігіне қатер төндіруі мүмкін.
Бұған дейін АҚШ президенті Ресей мен Украина арасындағы атысты тоқтату бойынша келіссөздер жақсы өтіп жатқанын айтқан. Ол жақын арада тараптар нақты нәтижеге қол жеткізуі тиіс екенін атап өткен.
Өткен аптада Трамп өзінің арнайы өкілі Стив Уиткоффтың Ресей президенті Владимир Путинмен кездесуі аясында Мәскеуге үндеу жасап, Украинадағы қақтығысты реттеу үшін "әрекет жасауға" шақырған. Себебі "бұл соғыста тым көп адам қаза тауып жатыр".