Зеленский: Ресей құрамында жүздеген қытай азаматы соғысып жүр
Украина президенті Владимир Зеленский Ресей армиясы қатарында кемінде бірнеше жүз қытай азаматы соғысып жүргенін айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ Украинская правда-ға сілтеме жасап.
Бұл туралы ол 11 сәуір күні “Рамштайн” форматындағы қорғаныс байланыс тобының отырысында айтты.
Қазіргі таңда бізде Ресей оккупациялық күштері құрамында бірнеше жүз қытай азаматы соғысып жатқаны жөнінде ақпарат бар. Бұл – Мәскеудің соғысты жалғастыруға бар күшін салып жатқанын көрсетеді. Солтүстік Кореядан келген сарбаздар Путинге аздық еткендей, енді ол қытайларды тартуға көшті, – деді Зеленский.
Оның айтуынша, бұл үрдісті тоқтату үшін Мәскеуге бірлескен халықаралық қысым қажет, себебі соғысты тоқтатудың басқа жолы жоқ.
8 сәуірде Зеленский Донецк облысында екі қытай азаматы тұтқындалғанын хабарлаған. Олар Ресей жағында соғысқан. Осыдан кейін ол Сыртқы істер министріне Пекинмен дереу байланыс орнатып, Қытайдың бұл мәселеге қалай қарайтынын анықтауды тапсырды.
Кейін Киев билігі қытай тұтқындарын ресейлік тұтқындағы украин жауынгерлеріне айырбастау ниетін білдірді.
Алайда Қытай тарапы Зеленскийдің бұл мәлімдемесін жоққа шығарды. Пекиндегі баспасөз жиынында ҚХР Сыртқы істер министрлігінің өкілі Линь Цзянь:
Мұндай сөздер жауапсыз айтылған. Біз тараптарды Қытайдың рөлін дұрыс және әділ түсінуге шақырамыз, – деді.
Ол сондай-ақ Қытай үнемі азаматтарына шетелдік қақтығыстардан аулақ болуға кеңес беретінін, ешқандай әскери әрекеттерге қатыспауын талап ететінін атап өтті.