Зеленский Ресей армиясында 155 қытайлықтың соғысып жүргенін айтты
Украина президенті Владимир Зеленский Ресей армиясында қатарында кемінде 155 Қытай азаматы соғысып жатқанын мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ УНИАН агенттігіне сілтеме жасап.
Қытай мәселесі – өте маңызды. Бізде 155 адамның аты-жөні, төлқұжат деректері бар. Олар Украина жерінде украин халқына қарсы соғысып жатқан Қытай азаматтары. Біз ақпарат жинап жатырмыз, олардың саны әлдеқайда көп деп есептейміз. Осы 155 адамның нақты төлқұжат деректері бар: қай өңірден шыққаны, құжаттары, жасы және тағы басқа мәліметтер. Сондай-ақ олардың қайда қызмет етіп жатқаны белгілі – 70-ші, 71-ші, 255-ші мотоатқыштар полктері секілді бөлімдерде, – деп Зеленскийдің сөзін келтіреді басылым.
Зеленский сондай-ақ Ресейдің Қытай азаматтарын қалайша жалдап жатқанын да білетінін айтты.
Әсіресе TikTok пен басқа қытайлық платформаларда ресейліктер жарнама роликтерін таратады. Бұл туралы ресми Бейжің де біледі. Ресей азаматтары қытайлық әлеуметтік желілерде ашық түрде жалдау туралы жарнамалар таратып отыр. Бұл жасырын емес. Бірақ мүмкін жасырын түрде де жалданып жатқандар бар шығар, – деді Украина президенті.
Зеленскийдің айтуынша, жалданған Қытай азаматтары алдымен Мәскеуге жеткізіліп, 3-4 күн медициналық тексерістен өтеді, содан кейін 1-2 ай арнайы оқу орталықтарында дайындықтан өтеді.
Олар Украина аумағында соғысады. Оларға көші-қон карточкалары мен “Мир” төлем жүйесінің карточкалары беріледі, сол арқылы ақшаларын алады, – деді Зеленский.
Еске сала кетейік, Қытай Украинада тұтқынға алынған азаматтарына қатысты пікір білдіргені туралы жазғанбыз.