Зеленский мен Ердоған нені талқылады
Кеше Украинаның Львов қаласында Түркия мен Украина президенттерінің және БҰҰ бас хатшысы Антониу Гутерриштің қатысуымен өткен үшжақты келіссөз жүргізілді, деп хабарлайды BAQ.KZ Forbes.kz-ке сілтеме жасап.
Келіссөздер шамамен 40 минутқа созылды және жабық форматта өтті. Тараптар бидай экспортын, Ресей-Украина дағдарыс шешу жолдарын талқылаған еді.
Украина президенті Владимир Зеленский кездесудің маңыздылығына тоқталды.
Бұл Түркия секілді қуатты елдің қолдауының белгісі, - деді Зеленскийдің баспасөз қызметі.
Сондай-ақ Владимир Зеленский Түркия Республикасына Украинаның егемендігі мен аумақтық тұтастығына қолдау білдіргені үшін алғыс айтты.
Кездесуде Түркия Украинаның сенімді серіктес болып қала беретіні айтылды. Мемлекет басшылары екіжақты қарым-қатынасты жан-жақты талқылап, екі ел арасындағы ынтымақтастықты одан әрі кеңейту және екі тарапты да нығайтатын келісімдерге келді.
Сонымен қатар Президенттер кездесуде жаңа бастама болған астық экспортына оң баға берді. Украинаның басшысының атап өтуінше, бұл бастама әлемдік азық-түлік дағдарысын еңсеруге көмектеседі.
Сондай-ақ басшылар Запорожье АЭС төңірегіндегі жағдайдың қиын екенін жеткізді.
Ресей стансадан өз әскерін дереу шығаруы керек, – деді Украина президенті.
Түркия басшысы Запорожье атом электр станциясы төңірегінде болып жатқан қақтығыстар жақсылыққа әкелмейтінін айтты.
Біз тағы да Чернобыльді бастан өткергіміз келмейді. Екінші жағынан, Түркия ретінде қақтығыстарды дипломатиялық жолмен шешуге күш салып, украиналық достарымызға қолдау көрсеттік және мұны жалғастырудамыз, - деді Ердоған.
Сонымен қатар басшылар қорғаныс саласындағы ынтымақтастық мәселелеріне тоқталып, осы саладағы ынтымақтастықтың келешегі туралы сөз қозғады.
Ердоған жақын арада Ресей президенті Владимир Путинмен Украина мен Ресей арасындағы тұтқындарды алмасу туралы келіссөз жүргізуге дайын екенін білдірді.