Зеленский мен ЕО көшбасшылары Трамппен келіссөз өткізбек – Bloomberg

Еуропалық одақ елдерінің көшбасшылары мен Украина президенті Владимир Зеленский 13 тамызда АҚШ президенті Дональд Трамппен телефон арқылы сөйлеседі. Бұл туралы 11 тамызда Bloomberg агенттігі мәлім етті, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Агенттіктің мәліметінше, әңгіме Трамптың 15 тамызда Аляскада Ресей президенті Владимир Путинмен кездесер алдында өтеді.

Германия канцлері Фридрих Мерцтің баспасөз хатшысы Стефан Корнелиустың айтуынша, келіссөзге АҚШ вице-президенті Джей Ди Вэнс те қатысады. Сондай-ақ Франция президенті Эммануэль Макрон, Ұлыбритания премьер-министрі Кир Стармер, Италия, Польша және Финляндия үкімет басшылары қатысуы жоспарланған.

Корнелиус бұл әңгімеде Ресейге қысым жасаудың алдағы қадамдары талқыланатынын мәлімдеді.

Bloomberg дерегінше, Киев пен оның еуропалық одақтастары Путин мен Трамптың Аляскадағы кездесуіне дайындық үстінде. Олар Украина шығысының елеулі бөлігінен айырылу қаупін болдырмауға тырысуда.

Еске сала кетейік, Дональд Трамп Путинмен 15 тамызда Аляскада кездесетінін жариялаған.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы