Зеленский 30 күн бойы атысты тоқтатуды ұсынды

Украина президенті Владимир Зеленский 30 күндік толық бітімгершілік орнатуды ұсынды. Бұл туралы ол өзінің Telegram арнасындағы үндеуінде мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Бұған дейін Ресей президенті Владимир Путин Жеңіс күні қарсаңында – 8 мамыр түн ортасынан 11 мамыр түн ортасына дейін бітім жариялайтынын хабарлаған еді.

Алайда Зеленский бұл ұсынысты "манипуляция әрекеті" деп атады. Оның айтуынша, Украина бұған дейін, наурыз айында, АҚШ тарапынан ұсынылған атысты толық тоқтату бастамасын қолдаған болатын.

Тағы да манипуляция: бәрінің атысты тоқтатуы үшін 8 мамырды күту керек – Путиннің шеруіне тыныштық беру үшін. Ал біз шерулерді емес, адам өмірін бағалаймыз. Сондықтан біз 8 мамырға дейін күтудің қажеті жоқ деп есептейміз. Әлем де осы пікірде. Кісі өлтіруге уақытша үзіліс емес, толық және сөзсіз атысты тоқтату қажет, кемінде 30 күнге. Бұл шынайы дипломатияға жол ашуы мүмкін, - деді Украина Президенті.

Украина Сыртқы істер министрлігі де кез келген сәттен басталуы мүмкін 30 күндік толық атысты тоқтатуды қолдайтынын мәлімдеді.

Айта кетейік, бұған дейін Путин Пасха мерекесіне орай 19 сәуір сағат 18:00-ден бастап 21 сәуір түн ортасына дейін бітім жариялаған еді. Алайда екі тарап бір-бірін шарттарды бұзды деп айыптаған болатын.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: Алина Смутко / Reuters
Өзгелердің жаңалығы