Зебрадағы адамдарға жол бермейтін көліктерді тіркейтін камера іске қосылады
1 шілдеде Қарағанды мен Теміртауда жаңа камералар іске қосылады, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Қарағанды мен Теміртауда 1 шілдеде "Аргус – жаяу жүргінші" камералары қосылады. Олар зебрадағы адамдарға жол бермейтін көліктерді тіркейді.
Камералар әлеуметтік мәдени тұрмыстық нысандардың жанындағы ең көп жүретін жол учаскелерінде орнатылған.
Олардың негізгі міндеті – жол-көлік оқиғаларының, жаяу жүргіншілерге жол бермеудің алдын алу. Камералар бірнеше фотосуреттер мен қысқа бейнелер түсіру арқылы ереже бұзушылықтарды түсіреді.
1 шілдеде Қарағанды мен Теміртауда 22 "Аргус - жаяу жүргінші" кешені іске қосылады. Облыс орталығында – 12 және 10 камера металлургтер қаласында. Бұған дейін мұндай төрт кешен Қарағандыда тестілік режимде жұмыс істеп, өз тиімділігін көрсетті. Олар адам факторы мен сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін жоққа шығарады. ҚР ӘҚБтК-нің 600-ші бабына сәйкес жаяу жүргіншілерге жол бермеген жүргізушілерге 10 АЕК (36 мың теңгеден астам) мөлшерінде айыппұл салынады, – дейді Қарағанды облысы ПД әкімшілік полиция басқармасы бастығының орынбасары Елжас Жартыбаев.
Жыл басынан бері облыста жаяу жүргіншілерді өткізбеудің 300-ден астам фактісі тіркелді, 10 млн теңгеден астам айыппұл салынды. Жаяу жүргіншілерді 40 рет қағып кеткен, онда 8 адам қаза тапқан, тағы 39 адам жарақат алды.
"Аргус – жаяу жүргінші" камералары 2021 жылдан бастап іске асырылып келе жатқан "Қауіпсіз қала" жобасы бойынша орнатылды. Осы уақыт ішінде жол қозғалысы ережелерінің бұзылуын автоматты түрде тіркейтін 148 кешен пайда болды. "Аргус – жаяу жүргінші" камералары да жүргізушілерді тәртіпке келтіруге арналған. Бұл кешендердің жұмыс принципі компьютерлік бақылау технологиясына негізделген. Камералар адам мен көлік құралы пайда болған кезде реттелмейтін жаяу жүргіншілер өткелінің аймағын тіркейді, – деді Қарағанды облысының ақпараттандыру, мемлекеттік қызметтер көрсету және мұрағаттар басқармасының басшысы Константин Ильницкий.
Облыста ақпараттандыру, мемлекеттік қызметтер көрсету және мұрағаттар басқармасының бастамасымен полиция департаментінің Жедел басқару орталығына қосылған 6 мыңға жуық бейнекамера орнатылды. Келесі жылы олардың санын кем дегенде 400 бірлікке көбейту жоспарланған.
Сондай-ақ 1 шілдеде Қарағанды облысында екі мобильді жылдамдық өлшегіш іске қосылады. Олар ЖПҚ патрульдік машиналарында орнатылады.