Өзбекстан АЭС салады
Алматы, BAQ.KZ. Өзбекстан депутаттары «Атом энергиясын бейбіт мақсатта пайдалану туралы» заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады. Бұл туралы 24kz сайты хабарлады.
Құжат өзге елдердің тәжірибесіне сүйене отырып жасалған. Оған қоса халықаралық талаптарға толық сәйкестендірілген. Бұл заңнама тиісті министірліктер мен жуырда құрылған «Өзбекатом» агенттігінің жұмысын жүйелеп, стратегиялық бағыттарын айқындап бермек.
Сонымен Өзбекстан алдағы жылдары АЭС құрылысын бастауды жоспарлап отыр. Ауқымды жобаны көрші ел – Ресеймен бірлесіп жүзеге асырады. Атом электр стансасындағы генератор қондырғыларының әрқайсысысы 1200 мегаватт қуат өндіреді екен. Атом стансасын іске қосу нәтижесінде Өзбекстан жыл сайын 3,7 миллиард текше метр табиғи газды үнемдемек. Оған қоса ішкі нарықтағы электр энергиясына деген сұранысты толық қамтамасыз етеді.
«Жалпы бұл құжат ел тарихындағы атом энергетикасы туралы алғашқы заң болмақ. Өзбекстанда жалпы алғанда табиғи байлықтар қоры жеткілікті. Дегенмен энергияға деген сұраныс жыл санап артып келеді. Құжат атом энергиясын бейбіт мақсатта пайдаланып, қауіпсіздік мәселелерін сақтауға негіз болады. Оған қоса қоршаған ортаны қорғау мен ашықтықты қамтамасыз етеді», - дейді Өзбекстан республикасы Оилий мәжілісі заң шығару палатасының депутаты Жамшид Пирматов.