Зайытовқа жауап: Мешітке келген адам періште не әулие болып кетпейді - дінтанушы

Кез келген мешітке келген адам періште не әулие болып кетпейді. Дінтанушы Кеңшілік Тышхан намаз оқитындарды байсалдылық пен сабырлыққа шақырды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Ол Ринат Зайытовтың намазхандардың 80 пайызы алаяқ деген сөзіне түсініктеме берді.

Пайыз жағынан нақты мәлімет айту қиын шығар, бірақ әркімнің өз ақиқаты бар. Кімнің айналасындағы адамдар қандай өзі де сол парасатына қарай түсінеді. Ол кісінің маңайында алаяқтық жасаған немесе танылған адамдар сондай пайыз болатын болса, мүмкін ақиқаты сол болар, алайда бұған қоса көптеген факторды қарауы керек, - деді теолог.

Оның айтуынша, намаз - қасиетті ұғым.

Бір жағынан, намаз оқитын адамның бәрі әулие деп түсіну қате. Біреулер қателіктерінен құтылу үшін намаз оқып жүр, енді біреулер не үшін оқып жүргенін де түсінбейді. Сондықтан көпке топырақ шашуға болмайды. Әркімнің өз себебі бар. Менің ойымша, мұндай деректер тіркеліп жатса, нақты зерттеуден кейін ортаға салу керек. Екіншіден, эмоцияға берілудің керегі жоқ. Қазақта жақсы сөз барғой «мені ит қапты екен деп, мен де оны қапсам аузымның қадірі қалмайдығой» деген, сол себепті, тас лақтырады, жаба жабылады, кінә тағылады бірақ кімінің кім екені тек Құдайға мәлім. Біз алаяқ емеспіз деп ақталудың қажеті жоқ деп ойлаймын. Бұл исламфобиялық топтардың аузына салып отырған сөзі болған соң бұған да намаз оқитын адамдар түсіністікпен қараған жөн, - деді Кеңшілік Тышхан.

Оның сөзінше, халық алдында жүрген депуттар әр сөзін абайлап сөйлеуі керек.

Өйткені олардың артында үлкен ресми көзқарас пен идеология тұрады. Халықтың атынан тағайындалған, кейін барлық адамның көңіліне тиетін, кейбір топтарға кінә тағатын сөздерден аулақ болғаны жөн деп білемін, - деді дінтанушы.

Теолог қоғамда талқыланып жатқан тақырыпты теріс ағым өкілдері одан әрі ушықтырғысы келетінін айтады.

Теріс ағымдар «іздегенге сұраған» деген сияқты. Олар одан әрі мәселені ушықтырып, діннің қадірін кетіруі мүмкін. Біз байсалды позициядан айырылмауымыз керек.

Еске сала кетсек, депутат Ринат Зайытов «алаяқтардың 80%-ы намаз оқитындар» деген ойын түсіндірген еді. Сондай-ақ “намаз оқитын қоғамға қарсы қоймақ” деп Зайытов өзіне ақпараттық шабуыл жасалғанын айтты. 

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы