Зайытов: «Министр мен әкімнің баласы әскерде жүр» дегенді естімедім
Мәжіліс депутаты Ринат Зайытов Қорғаныс министрі Руслан Жақсылықов заң жобасына қатысты норма енгізу мүмкіндігі туралы сұрады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Бүгін Мәжілісте Қорғаныс министрі «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне резервтегі қызмет мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын бірінші оқылымда таныстырған болатын.
Ринат Зайытов заңға норма енгізуге болатын-болмайтынын ведомство басшысынан сұрады.
«Отанды біз қорғамағанда кім қорғайды?!» деп әріптесім өте жақсы сөз айтты. Сіз (Қорғаныс министрі – ред.) статистикаңызда (әсерге – ред.) келетіндердің 90 пайызы жастар деп айттыңыз. Қателесуім де мүмкін, бірақ осы уақытқа дейін «министрдің баласы, әкімнің баласы әскерде жүр» дегенді естімедім. Осы заңның аясында жоғары лауазымды тұлғалардың өздерін не балаларын екі айлық әскери дайындыққа міндеттейтін норма қарастыруға бола ма? – деп сұрады депутат министрден.
Қорғаныс министрі депутаттың сұрағына жауап берді.
Әскерге баласын жіберетіндер бұл туралы жария етпейді. Бәріне мақтану үшін емес, шын жүректен патриот болу керек. Мен мысал келтіргім келеді. Бұрыншы ІІМ басшысы, менің бұрынғы басшым Қалмұханбет Қасымов екі жиенін жетектеп әкеліп, сарбаз болып қызмет етуге әскерге әкелген. Бұрынғы сенатор Мұхтар Құл-Мұхаммедтің ұлы беделді мектепті бітірген соң, сарбаз болып әскер қатарына қосылды, ал қазір ол АҚШ-тағы әскери училищеде курсант. Министерлердің, депутаттардың ұлдары деп норма қарастырудың мағынасы жоқ. Заң бәріне бірдей. Бірақ бұл норманы жүзеге асыруды әрқайсысымыз өз-өзімізден сұрауымыз керек, - деп жауап берді Руслан Жақсылықов.