18 Қыркүйек 2026, 08:38 Фото: pixabay

Зайсан көліне екі балықшы батып кетті: оларды іздеу жұмысы жүріп жатыр

Қазір оқиға орнында ауқымды іздеу жұмысы жүргізіліп жатыр.

Шығыс Қазақстан облысының Тарбағатай ауданындағы Зайсан көлінде балық аулап жүріп суға кеткен екі адам іздестіріліп жатыр.
 
Бұл туралы КТК телеарнасы хабарлады.

Тарбағатай ауданында үш балықшы мінген қайық Зайсан көлінде аударылып кеткен.

Үш балықшының біреуі жағаға өз бетімен жүзіп жеткен. Ал қалған екі адам суға батып кетті. Жағаға шыққан 58 жастағы ер адамға жергілікті тұрғындар көмектесті.

Телеарнаның мәліметінше, суға кеткен екі адамның денесі екінші күн қатарынан іздестіріліп жатыр. Белгілі болғандай, ер адамдардың үстінде құтқару кеудешелері болмаған.

Қазір оқиға орнында ауқымды іздеу жұмысы жүргізіліп жатыр. Төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше, бұған дейін өңірде дауылды ескерту жарияланған.

Іздеу жұмысына Төтенше жағдайлар департаментінің күштері мен құралдары жұмылдырылды. Атап айтқанда, жүзу құралдары, дрондар мен катерлер пайдаланылып жатыр. Сонымен қатар іздеу жұмысына қайықпен жергілікті тұрғындар да қатысуда, – деді ШҚО ТЖД баспасөз хатшысы Марина Лискова.