Зайсан көлі мен Бұқтырмаға тұқы және ақ амур шабақтары жіберілді

Зайсан көлі мен Бұқтырмаға 400 мыңға жуық тұқы және ақ амур балығының шабақтары жіберілді, деп хабарлайды BAQ.KZ 24.kz-ке сілтеме жасап.

АЛ Ертіс өзеніне жарты ғасыр дегенде бекіре оралған. Бұл – өңірдегі ихтиолог-ғалымдардың талай жыл төккен терінің жемісі. Өйткені осы балық түрлерінің барлығы да өлкедегі су тоғандарында өсірілді. Мамандар аймақтағы айдын-көлдің ихтиофаунасын түрлендіруді көздейді. Кезінде Зайсан көлінің балығы тайдай тулап, атағы жер жарып тұрғаны рас. Қазір көлдің ортайған ихтиофаунасын түрлендіру, молайту іс-шаралары жүргізіліп жатыр. 350 мың ақ амур және тұқы, 190 мың сазан балығының шабағы жіберілді. Айдында бәріне орын жетеді, өйткені көл – аумағы бойынша ең ірі су көзінің бірі. Балық инспекторларының айтуынша, осы қарқыннан таймаса көлдің де,оның жағасындағы елдің де жағдайы жақсара түспек.

10 мың тонна балық өсіру индикаторы қойылған. 2021 жылы 480 тонна болса, 480 орындадық. 2022 жылы мың тонна, 2023-те 1700 тонна, биыл 2 мың тонна орындадық. Индикаторды осылай орындап келе жатырмыз, - дейді облысаралық балық шаруашылығы инспекциясы басшысының орынбасары Фархат Байбазаров.

Сымбат Ануарбеков басқарып отырған уылдырық өсіру фермасының жұмыс істеп келе жатқанына 6 жыл ғана болды. Осы уақыт аралығында тозып тұрған цехты қайта іске қосып, шортан, тұқы, сібір бекіресін, тіпті шаян да өсірді.

Ал ақ амурды көлге жіберу деген су астына тазалық жүргізгенмен тең. Көлдегі шөптесін өсімдіктерді және балдырларды жеп ақ амурымыз біздің тазалықшы санитар болып есептеледі. Ол – судың ішіндегі судың құрамы өзгермес үшін, ертеңінде иісі шықпас үшін одан кейін шіру жұмыстарының азаюына, оттегін толық мөлшерде қамтамасыз етуге үлкен көмегін тигізетін балық түрі, - дейді уылдырық өсіру фермасының жетекшісі Сымбат Әнуарбеков.

Балықты көбейту салалық министрліктің де жоспарында. Былтыр елдегі уылдырық өсіру шаруашылықтарын субсидиялауға жарты миллиард теңге қаражат бөлінген.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: baq.kz
Өзгелердің жаңалығы