Зайсан әуежайында сертификаттау рәсімі басталды
Қазір нысандарда әрлеу, инженерлік желілерді тарту және жабдықтарды орнату жұмыстары жалғасып жатыр.
Көлік вице-министрі Талғат Ластаев пен Шығыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Бақытжан Баяхметов салынып жатқан Зайсан және Катонқарағай әуежайларына барды.
Зайсан әуежайында ұшу-қону жолағының, перронның, рульдеу жолының, кірме жолдардың және негізгі инженерлік желілердің құрылысы, сондай-ақ жарық-сигналдық және радионавигациялық жабдықтарды орнату жұмыстары аяқталды. Қазіргі уақытта әуежай инфрақұрылымы нысандарының ғимараттарында әрлеу жұмыстары, жабдықтарды монтаждау және іске қосу-баптау жұмыстары жалғасуда.
Жобаны іске асырудың қорытынды кезеңдерінің бірі – Қазақстанның авиациялық әкімшілігі жүргізіп жатқан Зайсан аэродромын сертификаттау рәсімінің басталуы.
Катонқарағай әуежайында да ұшу-қону жолағының, перронның, рульдеу жолының және блокты-модульдік қазандықтың құрылысы, сондай-ақ республикалық маңызы бар автомобиль жолын көшіру жұмыстары аяқталды.
Қазіргі уақытта инженерлік желілерді тарту, тазарту құрылыстарын салу, әуежай инфрақұрылымы нысандарының ғимараттарын әрлеу және аэронавигациялық жабдықтарды монтаждау жұмыстары жалғасуда.