5 Қазан 2026, 08:50 Фото: Ақмола облысының әкімдігі

Зауыттан вокзалға дейін: өңірлерде жаңа нысандар іске қосылды

Жаңа нысандар өңірлердегі өндірістік қуатты арттыруға, инфрақұрылымды жаңғыртуға және тұрғындар үшін қолайлы жағдай жасауға бағытталған.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмаларын іске асыру аясында еліміздің өңірлерінде өндірістік, көлік, энергетикалық және әлеуметтік инфрақұрылымды дамыту жұмыстары жалғасып жатыр. Өткен аптада бірқатар жаңа кәсіпорын мен әлеуметтік нысан пайдалануға беріліп, инфрақұрылымдық жобалар жүзеге асырылды.

Өнеркәсіп

Алматы облысының Боралдай ауылында алкогольсіз сусындар шығаратын жаңа кәсіпорын іске қосылды. Жобаның жалпы құны – 344 млн доллар. Кәсіпорында 230 жергілікті тұрғын жұмыспен қамтылды. Өнімді ішкі нарыққа және ТМД елдеріне экспорттау жоспарланып отыр.

Солтүстік Қазақстан облысында ұзақ сақталатын нан-тоқаш және кондитерлік өнімдер шығаратын зауыт жұмысын бастады. Өндірістік кешенге 37 млрд теңге инвестиция салынған. Кәсіпорын толық қуатына шыққанда жылына 15 мың тоннаға дейін өнім өндіре алады. Екінші өндірістік желі іске қосылғаннан кейін 378 жаңа жұмыс орны ашылады.

Вокзал инфрақұрылымы

Көкшетауда жаңғыртылған теміржол вокзалы пайдалануға берілді. Ғимаратта лифт пен эскалатор орнатылып, мүмкіндігі шектеулі азаматтарға арналған кедергісіз орта қалыптастырылды. Вокзал маңы аумағы да абаттандырылды.

Вокзал 1981 жылы салынған. Соңғы күрделі жөндеу жұмыстары 20 жылдан астам уақыт бұрын жүргізілген. Жаңғырту жұмыстары Мемлекет басшысының теміржол инфрақұрылымын дамыту жөніндегі тапсырмалары аясында жүзеге асырылды.

Энергетика

Қарағанды облысындағы 500 кВ «Нұра» қосалқы стансасында екінші автотрансформатор іске қосылды. Жоба өңірдің электр энергетикасы жүйесінің тұрақтылығын арттырып, қосымша қуат резервін қалыптастыруға мүмкіндік береді. Сонымен қатар «Сарыарқа» арнайы экономикалық аймағындағы кәсіпорындарды қажетті электр қуатымен қамтамасыз етуге ықпал етеді.

Әлеуметтік инфрақұрылым

Атырау облысы Исатай ауданының Томан ауылында 80 орындық алғашқы балабақшаның құрылысы аяқталды. Нысанды биыл қараша айында пайдалануға беру жоспарланып отыр.

Жаңа нысандар өңірлердегі өндірістік қуатты арттыруға, инфрақұрылымды жаңғыртуға және тұрғындар үшін қолайлы жағдай жасауға бағытталған.