Зауыт, жұмыс, 5% ипотека: Қостанайда жастарға қандай жағдай жасалған?
Қостанай облысында барлық өнеркәсіптік жобалар ең алдымен жастарды жұмыспен қамтуға бағытталған. Бұл туралы ОКҚ-да өткен брифингте облыс әкімі Құмар Ақсақалов мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Өңір басшысының айтуынша, зауыттар мен фабрикалардың ашылуы кадрларды жүйелі түрде даярлаумен қатар жүреді. Негізгі мақсат – аймақ кәсіпорындарын жергілікті жастар есебінен мамандармен қамтамасыз ету.
Ашылып жатқан барлық зауыт пен фабрика, ең алдымен, жастарға арналған жұмыс орындарымен қамтылуға тиіс. Бүгінде облыста атқарылып жатқан жұмыстардың бәрі жастар үшін жасалып жатыр. Өз баяндамамда қандай зауыттар мен фабрикалар іске қосылып жатқанын және алдағы уақытта қандай ірі жобалар жүзеге асырылатынын көрсеттім, – деді Құмар Ақсақалов.
Әкім өңірде машина жасау саласын дамытуға және мамандарды мақсатты даярлауға ерекше көңіл бөлініп отырғанын айтады. Бұл бағытта облыстағы колледждер кәсіпорындардың нақты сұранысына сай студенттерді оқытып жатыр.
Сондай-ақ өңір басшысы әлеуметтік қолдау мәселелеріне, соның ішінде тұрғын үймен қамтамасыз ету мен инфрақұрылымды дамытуға тоқталды.
Үшінші жыл қатарынан тұрғын үймен қамту бойынша кешенді жұмыс жүргізіліп келеді. Бюджеттен қаржы бөлінеді, сонымен қатар ірі кәсіпорындар да өз қаражатын бағыттауда. Жуырда ипотекалық мөлшерлемені 5 пайызға дейін төмендету туралы шешім қабылданды. Қазіргі таңда 344 пәтер сатып алынды. Бұл жұмыс жалғасады, – дейді Ақсақалов.
Оның айтуынша, өңірде қатарынан спорттық және әлеуметтік нысандар салынып жатыр. Бұл шаралар жастарды өңірде тұрақтандыруға және өмір сапасын арттыруға бағытталған.