Зарема Шәукенова отбасы, психология және климаттық өзгерістер жайлы
AMANAT партиясы әйелдер қанатының «психологиялық қызмет институтын құру және оның жұмыс істеуі» басымдығының тең төрағасы, ҰҒА академигі Зарема Шәукенова Отбасы күніне орай отбасы психологиясы мен климаттық өзгерістер арасындағы байланыстар туралы айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
- 2024 жылы Халықаралық отбасы жылының бекітілгеніне 30 жыл толады. Ал кеше ғана еліміз алғаш рет «Аналар күнін» атап өтті. Жалпы, отбасы институтын дамыту әлемдік тәжірибеде бар ғой?...
- 80 жылдардан бастап Біріккен Ұлттар Ұйымы отбасы мәселелеріне көбірек көңіл бөле бастады. 1983 жылы әлеуметтік даму комиссиясының ұсынысы бойынша Экономикалық және Әлеуметтік кеңес даму үдерісіндегі отбасының рөлі туралы қарарында БҰҰ Бас хатшысынан «отбасы мәселелері мен қажеттіліктерін, сондай-ақ, осы қажеттіліктерді өтеудің тиімді жолдарын табу бойынша шешім қабылдауға жауапты адамдар мен қоғамның терең түсінуіне ықпал етуді» сұрады.
1985 жылғы 29 мамырдағы «1985/29» қарарында Кеңес бас Ассамблеядан осы мәселелер бойынша Бас хатшыдан жаһандық хабардарлықты арттыру мақсатында шаралар қолдануды сұрау мүмкіндігін қарастыру үшін «даму үдерісіндегі отбасылар» деп аталатын тармақты алдын ала күн тәртібіне енгізуді қарастыруды сұрады.
1987 жылы Кеңестің ұсынысы бойынша БҰҰ Бас Ассамблеясы барлық мемлекетке халықаралық отбасы жылын жариялау мүмкіндігі туралы өз пікірлерін білдіруді, осы мәселе бойынша өз ескертулері мен ұсыныстарын беруді сұрады. Ол сондай-ақ, Бас хатшыдан Бас Ассамблеяның 43-сессиясында БҰҰ-ға мүше мемлекеттердің осындай жылды жариялау мүмкіндігі мен отбасының жағдайы, әл-ауқатын жақсартудың ықтимал жолдары, құралдары, әлеуметтік прогресс пен даму жолындағы халықаралық ынтымақтастықты күшейту мәселесі бойынша ескертулер мен ұсыныстарына негізделген кешенді баяндама ұсынуды сұрады.
1989 жылы 9 желтоқсанда Бас Ассамблея 1994 жылды Халықаралық отбасы жылы деп жариялады. Аталған жыл аясында негізгі іс-шараларды БҰҰ мен оның ұйымдар жүйесінің қолдауымен жүзеге асыра отырып, жергілікті, аймақтық және Ұлттық деңгейлерде атап өтуге шешім қабылдады. Сонымен қатар, Ассамблея Әлеуметтік даму комиссиясын дайындық органы, ал Экономикалық және Әлеуметтік кеңесті Халықаралық Отбасы жылына арналған Үйлестіру органы етіп тағайындады.
Ал 1993 жылы БҰҰ Бас Ассамблеясының 47/237 қарарымен жыл сайын 15 мамырда атап өтілетін Халықаралық отбасы күні болып жарияланды. Бұл күнді атап өту отбасына қатысты мәселелерден хабардар болу деңгейін арттыруға және отбасылардың жағдайына әсер ететін әлеуметтік-экономикалық және демографиялық процестер туралы білімді тереңдетуге мүмкіндік береді.
- Яғни, отбасы құндылығына, отбасы институтына қатысты дүние бізде ғана емес, БҰҰ-ға мүмше елдердің бәрінде бар дейсіз ғой. 2016 жылдың 1 қаңтарында 2030 жылға дейінгі Тұрақты даму саласында көрсетілген 17 тұрақты даму мақсаты (ТДМ) ресми түрде күшіне енді. Бұл мақсаттарда не айтылған?
- Иә, бұл мақсаттарда отбасы институтының түрлі саласы қамтылған. Сонымен қатар ол 2015 жылдың қыркүйегінде Біріккен Ұлттар Ұйымының тарихи саммитінде әлемдік көшбасшылардың қолдауымен қабылданды. Отбасы мәселелеріне бағытталған саясат пен бағдарламалар осы мақсаттардың көпшілігіне қол жеткізуде өте маңызды рөл атқарады.
- Ал биылғы, 2024 жылғы Халықаралық Отбасы күнінің тақырыбы: «Отбасы игілігі және климаттың өзгеруі» болып белгіленді. Бұл нені білдіреді?
- Климаттың өзгеріп, қоршаған ортаның ластануы нәтижесінде отбасылардың денсаулығы мен әл-ауқатына теріс әсер ететіндігі белгілі. Дауыл, құрғақшылық және су тасқыны сияқты климаттың өзгеруіне байланысты болған ауа райының құбылыстары көбінесе бүкіл отбасының мәжбүрлі қоныс аударуына және кедейленуіне әкеледі. Мұндай табиғи апаттар ауыл шаруашылығының барлық саласына кері әсерін тигізеді, адамдардың суға қолжетімділігінен айырып, халықтың осал топтары арасындағы аштықты күшейтеді.
Тиісті қатаң шаралар қолданбай, өзгерген климатқа бейімделу және олардың салдарын азайту – барған сайын әрі күрделеніп, әрі қымбаттай түседі. Климат саласындағы пайымдалған және тиімді іс-әрекеттерді жүзеге асыру үшін ағарту, тұтыну әдеттерін өзгерту және түсіндіру жұмыстарын жүргізу арқылы отбасылардың құқығын, мүмкіндіктерін кеңейту өте маңызды. Отбасылық дәстүрлер мен әдет-ғұрыптар ұрпақтан-ұрпаққа беріліп отырады, сондықтан өскелең ұрпақты тұрақты даму және климаттық сын-қатерлерді түсіну бағытында тәрбиелеу үлкен маңызға ие. Циркулярлы экономика принциптерін жас балаларға білім берумен біріктірсе, қалдықтарды азайту мен табиғи ресурстарды қалпына келтіруге негізделген тұрақты экономикалық модель құруға көмектеседі. Тұтынушылар мен мүдделерді қорғаушы ретінде отбасы циркулярлы экономикаға өтуге ықпал ете алады. Отбасылық және қоғамдық бастамалар арқылы біз білім беру, ақпаратқа қол жеткізу, оқыту және қоғам өміріне қатысудың көмегімен климатты қорғау жолындағы әрекеттеріне ықпал ете аламыз.
- Бір сөзбен айтқанда климаттық өзгерістерді отбасы құндылықтарының бір бөлшегі ретінде қарай отырып, қоршаған ортаны қорғау маңызды дейсіз ғой?
- Дәл солай. Осы орайда, ең көп таралған екі сұрақ пен оларға берілетін жауаптарға тоқтала кеткім келіп отыр.
Бірінші сұрақ: табиғат пен адам өзгерген климатқа бейімделе ала ма? Табиғатта бәрі өзара тығыз байланысты. Өзгерістерге бейімделу әрқашан өмір сүрудің басты факторы болғанын Жер мен адамзат тарихы дәлелдеп берді. Жер сілкінісіне төзімді ғимараттар, су тасқынынан қорғайтын бөгеттер салу, құрғақшылыққа және басқа да табиғи апаттарға төзімді дақылдарды өсіру табиғи және антропогендік жүйелерді ықтимал климаттық өзгерістерге бейімдеудің мысалы. Өрттен қорғау үшін аймақты бұталардан тазарту, ал цунамиден қорғауға жағалауды нығайту және тұрғындарды ескерту жүйесі көмектеседі.
Екінші сұрақ: климаттың өзгеруі адамдардың денсаулығы мен өмір сапасына әсер ете ме? Климаттың өзгеруінің, яғни температураның, дауылдың, құрғақшылықтың, су тасқыны мен дала өрттерінің сөбеюі салдарының бірі – өлім-жітімнің, жарақаттардың артуы және адамдардың денсаулығына кері әсері болатыны анық. Бұл дұрыс тамақтанбаудан да байқалады, ол құрғақ аймақтардағы азық-түліктің азаюына байланысты. Сапасыз өнімдер мен судың әсерінен аурулар көбейіп келеді. Сондай-ақ халықтың ең осал топтары арасында еңбек ету қабілетінің жоғалуына және еңбек өнімділігінің төмендеуіне байланысты психикалық ауытқулардың артуы байқалады.
- Яғни адам да, табиғат та климаттың өзгеруіне дайын емес пе?
- «Қазгидромет» ғылыми-зерттеу орталығының Климаттық зерттеулер басқармасының бастығы Тұрсын Тіллакәрім былтырғы күздегі ылғалдылық пен артық жауын-шашын 1965 жылғыдан да асып, рекордты жаңартқанын айтады. Биылғы су тасқыны себептерінің бірі – климаттық жағдайларға байланысты. Климаттың өзгеруі былтыр күздегі Қазақстан аумағындағы температураның өте жылы болуына әсер етті. Сонымен қатар ауа температурасы жыл сайын көтеріледі деп болжанып отыр әрі бұл болашақта жауын-шашынның мөлшеріне байланысты су тасқынына әкелуі мүмкін.
Су басқан аймақтарда қалған қазақстандықтар үшін су тасқыны нағыз сынаққа айналды, адамдар материалдық шығынға ғана емес, үлкен күйзеліске де ұшырады. Отбасылар баспанасыз қалып, дүниелерінен айырылап, эвакуациялық пункттерде тұруға мәжбүр болды. Құдайға шүкір, бұл соғыс емес, эвакуация жағдайының психикаға, әсіресе балаларға тигізген зақымы айқын. Әр адам мен оның отбасы үшін қауіпсіздік аймағы саналатын өз үйінен айрылу – нағыз стресс. Қазақстандық психолог Арай Медет зардап шеккендерге, балалары бар әйелдерге психологиялық қолдау көрсету өте қажет деп санайды. Ол ер азаматтарды өз күштерін, соның ішінде психологиялық күшін қолдауға жұмылдырып, жағдайды бақылауға, отбасыларына ең ауыр стрессті жеңуге көмектесіп, оларға тірек болуға шақырды. Өйткені, адам дәрменсіз жағдайда психикалық жарақат алады.
Осы күрделі кезеңде біз халыққа, әсіресе дағдарыстық, форс-мажорлық, төтенше жағдайларда сапалы психологиялық көмек көрсету мәселесінің шын мәнінде өзекті екендігіне тағы да көз жеткіздік.
- Иә, «көңіл көңілден су ішеді» деген халықпыз ғой. Осы психологиялық көмек көрсеткендерді нақты атап өтсеңіз?
- Бұл бағытта «Аманат» партиясының Әйелдер қанаты жұмыс істейді, «Психологиялық қызмет институтын құру және оның жұмыс істеуі» басымдығына бастамашылық жасап, оның жұмысына тәжірибесі мол психологтар, зерттеушілер мен жоғары оқу орындарының оқытушыларынан құрылған сараптамалық пул жұмылдырылған. Аталған басымдықтың тең төрағасы ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Айна Мүсірәлімова елімізде психологиялық көмекті дамыту туралы депутаттық сауал жолдады.
Депутат Еуропада, АҚШ-та адамдар 100 жылдан астам уақыт бойы психологтардың көмегіне жүгініп келсе, бізде бұл тәжірибе тек жақында пайда болғанын атап өтті. Беларусь Республикасында психологиялық көмек көрсету туралы Заң 2010 жылы, Әзірбайжанда 2018 жылы қабылданған, қазіргі таңда Ресей Федерациясында «Ресей Федерациясындағы психологиялық көмек туралы» Федералды заң талқыланып жатыр. Украинада психикалық денсаулық жүйесі мен психикалық денсаулық қызметтеріне қатысты заң жобасы тіркелді. Атап айтқанда, тиісті біліктіліксіз психологиялық немесе психиатриялық көмек көрсетуге тыйым салынды.
- Десе де, қазіргі уақытта кім көрінген психолог, кім көрінген мотиватор-коуч болып кетті ғой. Бұған тыйым салу керек шығар, бәлкім?
- Дұрыс айтасыз. Бірақ бүгінгі таңда психологиялық сала әртүрлі болуы керек, оның эксперименттік, клиникалық, әлеуметтік, девиантты – мінез-құлық, суицидтік – мінез-құлық және т.б. бағыттары бар. Ересектер мен балалар психиатриясы сынды жеке бағыт та бар. Психологтар қызметі ірі өндірісте, ТЖ қызметінде, ІІМ жүйесінде, Қорғаныс министрлігінде, азаматтық авиацияда, яғни әр салада болуы керек, халыққа жеке қызметтер де көрсетілуі қажет.
- Бірақ біздегі психологиялық көмек жүйесіз ғой.
- Иә, соны жүйелеу керек. Қазіргі уақытта Қазақстанда психологиялық көмек көрсету және алу саласы заңнамалық-құқықтық тұрғыдан реттелмеген, халыққа психологиялық көмек көрсетуді қамтамасыз етудің бірыңғай жүйесі жоқ екендігін айта кету керек. Тек орта білім беру аясында ғана ерекше құзыреттілігіне бар балалармен жұмыс істеулеріне байланысты әзірленген Ережелер арқылы бар проблеманы көрсете отырып, жүйелі түрде құрылған жұмысты көруге болады. Денсаулық сақтау саласында медициналық мекемелердің материалдық-техникалық базасын жақсарту, психикалық денсаулық кабинеттері, ойынға тәуелді адамдарға арналған оңалту бағдарламалары, психологиялық кеңес беру және т.б. бірқатар мәселе бар.
ТЖМ құрылымдарында штатта психологтар қарастырылған, қажет болған жағдайда стресстік күйдегі адамдармен жұмыс істеу үшін сырттан психологтар шақырылады. Олардың жұмысы үлкен құрметке ие, істеген жұмыстарын кеңінен насихаттау қажет, жалпы ТЖМ жүйесінде психологиялық қызметтерді нығайту қажет. Су тасқыны кезінде адамдар стресстік жағдайда қалып, қажет қолдауды ала алмай қалмас үшін, психологтардың жұмысы туралы оларға көбірек хабарлау қажет екендігін көріп отырмыз.
- Бұл енді нақты құрылымдарға негізделген психологиялық бағыт қой. Ал жалпы психологияда «отбасы психологиясы» деп аталатын бағыт бар. Психология тұрғысынан алғанда отбасы дегеніміз не?
- Отбасы – бұл қарапайым әлеуметтік нормалар мен ережелерді білуден бастап, әрқайсысына тән жылулық, сүйіспеншілік, бауырмалдық пен сенім сезімдері сынды қоршаған қоғам туралы ұғымдарды беретін ерекше әлеуметтік білім. Ең маңызды әлеуметтік нормалардың қатарына экологиялық тәртіп кіреді.
- Демек биылғы халықаралық отбасылар күнінің тақырыбын климатпен байланыстырудың өзіндік себебі бар дейсіз ғой.
- Иә, әңгімеміздің басында атап өткеніміздей, биыл халықаралық отбасы күні – климаттың өзгеруі отбасыларға қалай әсер ететіні, отбасылар климаттың өзгеруіне қарсы күрес жолында қандай рөл атқара алатыны туралы біліктілігін арттыруға бағытталған. Дүние жүзінде 10-24 жас аралығындағы 1,8 миллиард жас өмір сүреді. Бұл – тарихтағы ең көп жас ұрпақ. Жастар Климаттық дағдарысқа байланысты мәселелер мен тәуекелдерді және климаттың өзгеруін шешу арқылы тұрақты дамуға қол жеткізу мүмкіндіктерін көбірек біледі. Дүние жүзіндегі жастардың жаппай жұмылдырылуы – олардың шешім қабылдау жауапкершілігін қамтамасыз етудегі орасан зор әлеуетін көрсетеді.
Менің бүкіл балалық шағым өткен туған қалам Теміртауда және жақында атауын қайтарып алған «Карметте» еңбек жолым басталған еді. Мен Теміртау қаласының №16 орта мектебінің оқушысы Алина Кочетова сияқты Теміртаудың ауасы туралы өте жақсы білемін. Алина БҰҰ ЮНИСЕФ Балалар қорының "Volunteers4Climate" білім беру бағдарламасы аясында қала оқушыларына экологиялық мәдениетті насихаттап жүр. Экология тақырыбына терең үңіле отырып, ол климаттың өзгеруі және оған қатысты барлық мәселелерді зерттейді: ауыз судың сапасы мен тапшылығы; тұрмыстық қатты қалдықтарды кәдеге жарату; көшет егу; т.б. мәселелер қызықтырады.
Алина және басқа еріктілер мектептің экология пәнінің мұғалімі басшылығымен климаттың өзгеруінің, қоршаған ортаның ластануының және энергия мен таза ауыз судың жетіспеушілігінің себептері мен салдары туралы айтып, оқытумен, экологиялық дағдыларды дамытумен айналысады. Сонымен қатар, олар қалдықтарды бөлу, су мен энергияны үнемдеу туралы білімдері мен тәжірибелерімен бөліседі. Жас эко-белсенділер экологиялық әдеттер өмір салтына айналуы керек деп септейді.
Бірақ тағы да қайталап айтайын, бұл өмір салты отбасында қалыптасуы керек. Өйткені отбасы – бірінші кезекте, адамның негізгі қасиеттерін қалыптастырады және экологиялық ойлауға да әсер етеді.
- Әңгімеңізге рақмет!