Зарема Шәукенова: Назарбаев феномені. Замана рухына сай тұлға
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. ҚР Президенті жанындағы ҚСЗИ директоры, ҚР Президенті жанындағы Отбасы және әйелдер істері жөніндегі ұлттық комиссия мүшесі Зарема Шәукенова Тұңғыш президент күні мерекесі қарсаңында Назарбаев феноменіне қатысты ойымен бөлісті.
- Тұңғыш президент күні мерекесі Елбасы феноменіне айқындауыш бола ала ма?
- Тарихқа көз жүгіртсек, Қазақстан бірінші болып президент лауазымын орнатқан посткеңестік мемлекет болды. Бұл шешім елдің алдағы даму бағытын анықтады. Биыл біз Қазақстан Республикасының Тұңғыш президенті, Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың ерекше рөлін құрметтей отырып, сегізінші рет Қазақстан Республикасының Тұңғыш президенті күнін атап өткелі отырмыз. Бұл мемлекеттік мереке – егемен Қазақстанның жаңа тарихымен тығыз байланысты тұлға феноменінің мәні жайында тағы бір рет ойланудың себебі іспеттес.
Тәуелсіздік тарихында қазақстандықтардың екінші буыны өсіп келеді. Осы жылдардағы ауқымды өзгерістерді бағалау тек жас буын үшін ғана емес, егде жастағы адамдар үшін де оңай болмай тұр. Еліміздің мүмкіндіктері, мемлекет ретіндегі сапа мен халықаралық мәртебесі де өзгерді.
Осыдан 30 жыл бұрын қазақстандықтар өз тарихындағы ең қиын кезеңдерді бастан кешті. Кәсіпорындардың көпшілігі өз жұмысын тоқтатты, азық-түліктерді карточкалармен алып, миллиондаған адам жұмысымен бірге ертеңгі күнге деген сенімінен айырылды. Тіпті кейбір көрші мемлекеттер ұлтаралық қақтығыстар мен азаматтық соғыстарды өткерді. Осы тұста жас мемлекетіміз халықаралық қауымдастықтардың мойындауына ұмтылу қажеттілігімен бетпе-бет келді. Ал тура сол кезде үш онжылдықтан кейін Қазақстан әлемдегі ең қарқынды дамып келе жатқан экономикасы бар мемлекетке айналады және халықаралық қатынастардың беделді және құрметті қатысушысы болады деп болжай алдық па? Алайда, халық даналығы - іздеген жетер мұратқа дегендей, Қазақстан да президент басшылығының арқасында кедергілерді жеңіп, жетістіктеріне қуанып, батыл міндеттерге өжет қадам басты.
- Тәуелсіздік жылдары Назарбаев пен Қазақстанның есімдері әлемдік саясатта қатар аталды. Бұл екі атаудың арасындағы берік ассоциативті байланысты көрсете ала ма?
- Иә. Солай деуге толық негіз бар. Бірінші қадам ұлт үшін ең маңызды және шешуші болды. 1991 жылы 1 желтоқсанда жалпыхалықтық президенттік сайлауда қазақстандықтар өзінің бірінші президентін сайлады. Қазір күрделі саяси, экономикалық және әлеуметтік қайта құруларға мүмкіндік берген іргетас дәл сол кезде қаланды деп білеміз. Бүгінде Қазақстан заманауи өркениеттің сынақтарын сәтті жеңіп қана қоймай, сонымен қатар әлемдік дамудың трендін дербес қалыптастыра алады.
Осы кезеңде, өзің айтып отырғандай, Халықаралық қауымдастықта Қазақстан мен Н.Ә. Назарбаевтың арасында берік ассоциативті байланыс орнады. Мұндай тығыз байланыс мемлекеттер тарихында кездеседі. Мысалы, Джордж Вашингтон АҚШ-тың, Мұстафа Кемаль Ататүріктің аты Түркияның ажырамайтын бір бөлшегіндей. Дәл сол секілді біздің мемлекетіміз де Н.Назарбаевтың есімімен бірігіп, кірігіп, ассоцияланып кетті.
- Бұл өзіміз айтып жүрген көшбасшылық қасиетпен тығыз байланысы бар болды ғой...
- Солай деуге де болады. Себебі бұл феноменнің табиғаты саяси көшбасшының бүкіл өмірін ұлт мүддесіне арнауында. Бірақ ұлт көшбасшысы болу үшін халыққа қызмет ету жеткіліксіз. Көшбасшы, ең алдымен, елдің және халықтың қажеттіліктерін дәл және табиғи түрде сезінетін ерекше адамгершілікке ие болуы керек. Сонымен қатар, уақыттың ағымы мен үрдістерді алдын-ала болжай алу қабілеті қажет. Бірақ мұның өзі де жеткіліксіз, өйткені шешім қабылдау және олар үшін жауапкершілік алуға дайын болу бір бөлек. Біздің Тұңғыш президентіміз осы қасиеттердің барлығын біріктіріп, ел игілігі үшін пайдалана білді.
- Нұрсұлтан Әбішұлы туралы аз жазылған жоқ. Алдағы уақытта да бұл үрдіс тоқтай қоймасы анық. Дегенмен өз бағамдауыңыз бойынша Елбасының жарқын портретінің бірнеше ерекшелігіне тоқталсаңыз.
- Бірінші ерекшелігі стратегиялық ойлау қабілеті.
Қайда бара жатқаныңызды болжай алмайынша, алға бағытталған қадамыңыз сәтті болуы екі талай. Қазақстан Республикасы өзінің алғашқы алты жылында экономикалық күйзеліс жағдайында өмір сүруіне байланысты өзекті мәселелерді шешті. Біз өміршең екенімізді дәлелдеп, болашаққа жоспар құра бастадық. 1997 жылы Н.Ә. Назарбаев халыққа алғашқы Жолдауын жариялады. Бұл тарихи құжатта елдің 2030 жылға дейінгі даму стратегиясы жарияланды. Стратегияда көрсетілген мақсаттар сол кезде орныдалмайтындай болып көрінді. Сондықтан көп адам олардың іске асырылуына күмәнмен қарады. Осындайда әйгілі американдық философ және саяси публицист Ноам Хомский оптимистік стратегиялар туралы айтқаны еске түседі. Ол, "егер сіз жарқын болашаққа сенбесеңіз, сіз ешқашан жарқын болашаққа апаратын қадам жасай алмайсыз. Егер сіз үміт жоқ деп ойласаңыз, ол болмайды. Таңдау өзіңізден" - деген болатын. Біз 15 жыл ішінде алға қойған мақсаттарымызды орындадық. Бүгін біз "Қазақстан-2050" Стратегиясында белгіленген жаңа мақсаттарды көріп отырмыз.
- Сіздің ойыңызша, бұл бағыт бойынша әсіресе не маңызды?
- Біріншіден, жоспарланған стратегиялық мақсаттарға қол жеткізудің жүйелік мониторингі. Тұңғыш президент енгізген және президенттің Қазақстан халқына жыл сайынғы Жолдауларының дәстүрлі тәжірибесі – бұл стратегияны іске асыру процесін тұрақты бақылау және одан әрі қадамдарды белгілеу тетігі. Екінші маңызды мәселе – Елбасы барлық қазақстандықтарға, сол арқылы әрқайсымызға жеке-жеке назар аударды. Сондықтан Н.Ә. Назарбаев әр Жолдауында халықты ерекше шабыттандыратын әсер мен бірегей ынтымақтастыққа негізделген саяси үндеу жасады.
Екінші ерекшелігі идеалдарға адалдық.
Қазақстан Республикасы Тұңғыш президентінің жаһандық ядролық қарусыздану процесіне қосқан үлесін бағаламау мүмкін емес. "Президент Назарбаев – ядролық қарусыздану және қауіпсіздік мәселелері бойынша үлгі тұтар әлемдегі көшбасшылардың бірі. Қазақстан - бұл ядролық қарудан бас тарта отырып, елдің қауіпсіздігі мен экономикалық өркендеуіне қол жеткізудің керемет үлгісі", - деді АҚШ-тың бұрынғы президенті Барак Обама Нұрсұлтан Әбішұлы туралы пікірінде. Менің ойымша, бұл сөздер дипломатиялық хаттамаға жай ғана құрмет көрсету емес.
- Бұл жерде Семей ядролық полигоны туралы айтпай кетуге болмас?
- Әрине, Семей полигонын жауып, әлемдегі төртінші ядролық әлеуеттен бас тарту арқылы Қазақстан әлемде бірінші болып жалпыға ортақ ядролық қарусыздануға нақты қадам жасады. Сол кездері көп адам Н.Ә.Назарбаевтың шешімін қолдамағандығы туралы қазір естіп жүрміз. Сыншылар мұндай қуатты әскери-саяси мүмкіншіліксіз Қазақстан өз тәуелсіздігін сақтай алмайды немесе ол әлемдік өркениеттің шетіне шығып қалады деп болжам жасаған болатын. Бірақ шешім қабылданғаннан кейін көп ұзамай әлемдік қауымдастықтың қысымымен планетада тағы бес ядролық полигон жабылды. Сол кезде қабылданған шешім қаншалықты күрделі және қиын болса да, бүгінгі таңда бұл қадам Қазақстанға ядролық қарудан бас тартып, әлемдегі тыныштық үшін қозғалысты басқаруға моральдық құқық берді. Сонымен қатар, ел тұрғындары мен өзге де миллиондаған азаматтың ядролық сынақ қасіретінен қорғануына көмектесті.
Бүгінде Елбасы әлемдік деңгейдегі саяси қайраткер ретіндегі беделін ядролық мемлекеттер басшыларының өздері таңдаған жолдың болашағы бұлыңғыр екендігіне сендіру үшін пайдаланады. Оның бір көрінісі Н.Ә. Назарбаевтың Бас ассамблея мен БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің ресми құжаты мәртебесін алған "Әлем. ХХІ ғасыр" тақырыбындағы мемлекет басшыларына арналған манисфесті.
Назарбаевтың бұл сала бойынша тағы бір қадамы – Қазақстан Республикасының Тұңғыш президентінің ядролық қарудың таралуын азайту үшін ғана емес, сонымен бірге дүниежүзілік қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін маңызы бар АЭХА-нің төмен байытылған уран банкін Қазақстанда құру туралы бастамасын іске асыруы болды.
- Назарбаевтың үшінші ерекшелігі стереотиптерді бұзу мүмкіндігі деп айта аласыз ба?.
- Тура солай. Ұзақ уақыт бойы еліміздің визит картасы – бай табиғи ресурстары болып келді. Бүгінгі таңда Қазақстан мұнай өндіру көлемі жағынан әлем бойынша алғашқы жиырмалыққа кіреді. Бұл ұлттық және ғаламдық энергетикалық қауіпсіздікті қамтамасыз етеді. Қазақстанның осы саладағы мықты ұстанымына қарамастан, 2010 жылы Н.Ә. Назарбаев "Жасыл көпір" халықаралық серіктестік бағдарламасын құру туралы бастама көтерді. Бұл бастама Азия-Тынық мұхиты аймағының қоршаған орта және даму жөніндегі министрлер конференциясында қолдау тапты. Сонымен бірге БҰҰ "Рио +20" тұрақты даму жөніндегі конференциясының қорытынды декларациясына енгізілді.
Қазіргі уақытта БҰҰ-ның орнықты даму мақсаттарын іске асырудың белсенді қатысушысы ретінде Қазақстан жаңартылатын энергия көздерін пайдалануға негізделген баламалы энергияны дамытуды қолдайды. Жарқын мысалдарының бірі Қазақстанда "Болашақ энергиясы" тақырыбында "ЭКСПО-2017" Халықаралық мамандандырылған көрмесін өткізу болды. Көрмеге 115 мемлекет және 22 халықаралық ұйым қатысты.
- "Нұрсұлтан Әбішұлы саясатта ұзақ уақыт болды, ол Кеңес заманынан бері саясатпен айналысты. Мені таңғалдырғаны және әлі күнге дейін таң қалдыратыны - ол өте заманауи адам болуы. Оның осындай заманауи әлемді сезінуі қайдан келді?" Бұл Владимир Путиннің Елбасы жайлы пікірі. Мен де сізден осы сұрақты сұрағым келеді. Назарбаев заманауи әлемді сезінуді қайдан алады?
- Менің айтайын деп отырған төртінші ерекшелігім де тура осы замана рухына сай болу қабілеті жайлы. Елбасының заманына сай болу қабілеті отандастарын, халықаралық серіктестерін аз таң қалдырмады.
Уақытты сезіну - саясаткер үшін маңызды қасиет. Өйткені ол уақытылы шешім қабылдауға мүмкіндік береді. Тіпті Сенека "кейбір істердің маңыздылығы олардың ауықымды болуынан емес, уақытылы қабылданғандығымен артық" дейді. Посткеңестік кеңістіктегі көптеген мемлекет эйфорияға ырық беріп, өзінің алғашқы жылдарынан бастап саяси либерализация мен мәдени модернизация бағытында реформалар жүргізе бастады. Көп жағдайда бұл үлкен әлеуметтік толқулармен аяқталды. Уақыт Қазақстанның "алдымен экономика, содан кейін саясат" формуласының дұрыс бағытта екендігін дәлелдеді. Қазақстан қажетті экономикалық базаны құрған кезде Елбасы басқа билік тармақтарының өкілеттілігін күшейту мақсатында президент өкілеттілігін қысқартуға бағытталған саяси реформаларды ұсынды. Әлемнің жаңа технологиялық құрылымға көшу тәртібімен Н.Ә.Назарбаев Төртінші өнеркәсіптік революцияның талаптарына сәйкес елдің технологиялық және инфрақұрылымдық даму процестерін бастауды үндеді.
- Нұрсұлтан Назарбаев президенттік посттан кетуін қалай бағалайсыз?
- 19 наурызда президенттік өкілеттілігінен кетуі туралы шешімді, еліміздің миллиондаған азаматы ерекше толқыныспен қабылдады. Бұл шешім сол кезде қаншалықты күтпеген болса да, қазіргі заман рухына лайық Елбасының мінезіне сәйкес келеді. Қазақстан халқына жолдауында Н.Ә. Назарбаев әлем бір орында тұрақтамайтынын және жаңа сын-қатерлер мен жаңа мүмкіндіктер пайда болатынын атап өтті. "Мен және менің ұрпағым ел үшін қолдан келгеніміздің бәрін жасадық. Нәтижелері сіздерге белгілі. Әлем өзгереді және жаңа ұрпақ келе жатыр. Табиғи үрдіс. Олар өз заманының мәселелерін шешетін болады. Олар елді одан әрі жақсартуға тырыссын" - деді ол өз сөзінде.
Сонымен бірге, Елбасы өз борышына адал бола отырып, Қазақстанның одан әрі табысты дамуы көзделген бағыттың сабақтастығын қамтамасыз ету жағдайында ғана мүмкін болатындығын ескертті. Қазақстандағы биліктің сабақтастығы мәселесі конституциялық жолмен шешілді. Тұңғыш пАрезидент Қазақстан Республикасының қазіргі президенті Қ.К. Тоқаев кандидатурасын қолдай отырып, қазақстандықтардың назарын Қасым-Жомарт Кемелұлының кәсіби даярлығының жоғары деңгейіне және оның адами қасиеттеріне аударды.
- Тоқаев ел дамуындағы Назарбаев жолын жалғастыра ала ма?
- Қазақстан Республикасының президенті Қ.К. Тоқаев Тұңғыш президенттің бағытын және оның арқасында әлемдегі табысты және мәртебәлі мемлекетке айналғанын үнемі баса айтады.
Сонымен бірге, қазіргі президентіміздің жариялаған сабақтастықты қолдауы Елбасының өзінің саяси ерік-жігерін орындай отырып, мұрасын арттырып, елімізді одан әрі жақсартып, халықтың және Қазақстанның Тұңғыш президентінің сенімін ақтауға деген ұмтылысын білдіреді. Бұл үшін президент Тоқаевтың биылғы 2 қыркүйекте Қазақстан халқына Жолдауында белгілеген басымдықтары - әлеуметтік саясатты жаңарту, еліміздің аймақтарын дамытудың жаңа бағытын қалыптастыру, іскерлік белсенділікті дамытудың жаңа мүмкіндіктерін іздеу, мемлекеттің сыртқы саясатының тұжырымдамалық көрінісін жаңартуға деген ұмтылысын байқатады. Ел башылығының алғашқы символдық жүз күнінде Қасым-Жомарт Кемелұлы халықтың президентті таңдауда қателеспегенін және Нұрсұлтан Әбішұлы ізбасарларын таңдауда қателеспегенін көрсетті.
"Нұр мен көлеңке" кітабының эпиграфына Қ.К.Тоқаев Н.Ә.Назарбаевтың "Тәуелсіздігімізге түскен қиыншылықтар мен сынақтарға қарсы тұруымыз керек" деген дәйексөзін таңдады. Тағдыр, Мемлекет басшысының айтуынша, Нұрсұлтан Назарбаевтың заманауи Қазақстанның Тұңғыш президенті және негізін қалаушы болуын қалады. Сондықтан біздің елімізде Қазақстанның Тұңғыш президенті күні ерекше маңызды мереке.