Шәукенова Қазақстан мен Өзбекстанның достық байланыстары туралы айтты

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Ташкент қаласында Ресей, Қытай, АҚШ және Германия елдерінің жетекші ғалымдары мен сарапшыларының қатысуымен «Жаңа Өзбекстан және Орталық Азиядағы өңірлік серіктестік» тақырыбында халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті.

Ұйымдастырушылар - Орталық Азия халықаралық институты (ОАХИ) және Орталық Азиядағы К.Аденауэр атындағы Қордың аймақтық өкілдігі.

Құттықтау сөзін Өзбекстан Республикасы Олий Мажлисінің заң шығару палатасы спикерінің бірінші орынбасары Акмаль Саидов, Сыртқы істер министрінің бірінші орынбасары Фарход Арзиев, ОАХИ директоры Анвар Насиров, К.Аденауэр атындағы Қордың Орталық Азия бойынша Уәкілетті өкілі Ронни Хайне, Өзбекстанда аккредиттелген Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Түрікменстан дипломатиялық миссияларының басшылары мен өкілдері сөйледі.

Сөз сөйлеушілер Өзбекстанда соңғы бес жыл ішінде өзгерістер серпіні ауқымды сипатқа ие болғанын, оның бейнесі «Жаңа Өзбекстан» өрнегі болғанын, ал Өзбекстанның жүргізіліп жатқан өңірлік бағыты тек өзбек сыртқы саясатының ғана емес, бүкіл Орталық Азияның жаңару символы болып табылатынын атап өтті.

ОАХИ директоры А.Насиров Өзбекстанның сыртқы саясатының басты жетістігі Орталық Азиядағы - Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан және Түрікменстанмен тату көршілік қатынастарды дамытудағы түбегейлі өзгерістер болғанын атап өтті. Бұл өңір елдері арасындағы өзара іс-қимылды нығайтуға, мүлде жаңа саяси ахуалды қалыптастыруға, өзара сенімді қалпына келтіруге және нығайтуға ықпал етті, бұл ұзақ жылдар бойы өңірлік ынтымақтастықтың дамуына тежеуші ықпал еткен бірқатар маңызды мәселелерді шешуге мүмкіндік берді.

Өзбекстан Республикасы Олий Мажлисінің заң шығару палатасы спикерінің бірінші орынбасары А.Саидов Орталық Азия Ұлы Жібек жолының қиылысында тарихи орналасқан және қазіргі уақытта 70 миллионнан астам адам тұратын маңызды тарихи-өркениеттік аймаққа айналғанын атап өтті.

Құттықтау сөзінде К.Аденауэр атындағы Қордың Орталық Азиядағы өкілдігінің басшысы Р.Хайне Өзбекстанның әлемдік аренадағы мәртебесінің дәйекті түрде көтерілгенін, оның жетекші халықаралық ұйымдар мен Орталық Азия кеңістігіндегі беделінің өскенін атап өтті.

ҚР Президенті жанындағы ҚСЗИ атынан халықаралық конференцияға директор Зарема Шаукенова қатысып, өз баяндамасында екі ірі мемлекет - Өзбекстан мен Қазақстан өзара достықтың берік байланыстарымен тығыз байланысты және өңіраралық байланыстарды дамытуда маңызды рөл атқаруға тиіс екенін атап өтті. Орталық Азия өңірі әлемдік үдерістерге кірігудің жақсы перспективаларына ие. Бұдан басқа, мән-жайлар одан әрі өңір шеңберінде форс-мажорлық құбылыстарға жедел ден қоюға және олардың салдарын тоқтатуға мүмкіндік беретін интеграцияланған тәсілді қалыптастыруға түрткі болады.

Іс-шараға сондай-ақ Өзбекстан Республикасы Президентінің жанындағы стратегиялық және өңіраралық зерттеулер институты директорының бірінші орынбасары А.Неъматов, «Стратегия развития» орталығының атқарушы директоры Э.Туляков, Түркіменстан СІМ жанындағы Халықаралық қатынастар институтының ректоры Дж. Гурбангельдыев, Қырғызстанның ұлттық стратегиялық зерттеулер институты директорының орынбасары Э.Чечейбаев, Тәжікстан Орталық коммуникациялар қызметінің сыртқы саясатты талдау және болжау басқармасы бастығының орынбасары М.Абдужабборов, Ресей мемлекеттік гуманитарлық университетінің президенті Е.Пивовар, Орталық Азия және Кавказ институтының (АҚШ) төрағасы Ф.Старр, Тәжікстан ҰҒА Тарих, этнография және археология институтының директоры У.Насрулло, Қырғызстан ҰҒА Орталық Азиядағы гуманитарлық зерттеулер орталығының басшысы Ч.Койчуманова, Р.Б. Сүлейманов атындағы Шығыстану институтының директоры (Қазақстан) Д.Мәсімханұлы, М.В. Ломоносов атындағы ММУ Ақпараттық-талдау орталығының директоры Д.Чижова, Шэнси мемлекеттік педагогикалық университетінің (ҚХР) Орталық Азияны зерттеу орталығының директоры Ли Ци, Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ аймақтану кафедрасының меңгерушісі А.Оспанова, «Караван знаний» мемлекеттік емес ғылыми мекемесінің директоры Ф.Толипов, Г.Плеханов атындағы Ресей экономикалық университетінің Ташкент филиалының доценті Р.Назаров қатысты.

Іс-шараға қатысушылар өңірлік экономикалық ынтымақтастыққа, түрлі салалардағы кооперацияны күшейтуге және қазіргі заманғы сын-қатерлер мен қауіптерге қарсы іс-қимыл жасау үшін әлеуетті арттыруға бағытталған практикалық ұсыныстар айтты.

Қорытындылай келе, Орталық Азияның барлық елдері өкілдерінің қатысуымен осындай конференцияларды тұрақты негізде өткізу практикасын жалғастырудың маңыздылығы атап өтілді, бұл көпғасырлық достық байланыстарын, тату көршілестігін және бауырлас мемлекеттер мен халықтардың көпқырлы әріптестігін одан әрі жақындастыруға және тереңдетуге жәрдемдесетін болады.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы