Заречное кен орнына айыппұл салынды
Түркістан облысында орналасқан Заречное кен орны экологиялық талаптарды сақталмағаны үшін 9 млн 230 мың көлемінде айыппұл төлейді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Отырар ауданындағы уран өндіретін Заречное кен орнына қатысты былтыр қараша айында үлкен шу шыққан болатын. Кәсіпорында 10 жылдан бері жұмыс істейтін қызметкер зиянды қалдықтарды далаға төгіп жатқаны туралы видео түсіріп, әлеуметтік желіге жариялап жіберген. Бұл ақпараттан соң қоғамда үлкен резонанс пайда болып, кен орнына жақын орналасқан Көксарай халқынан маза кеткен болатын.
Одан кейін, Түркістан облысы Экология департаменті арнайы сынама жүргізіп, "ҚазАтомөндіріс" АҚ тиесілі компанияның экологиялық талаптарға сайы жұмыс жүргізбегенін анықтап, зиянды қалдықтардың белгіленбеген жерге төгілгенін растады. Нәтижесінде кәсіпорынға 9 млн аса айыппұл салынған.
Департаменттің зертханалық талдамалы бақылау бөлімінің маманымен сынама алынды. Нәтижесінде кәсіпорын күкірт қышқылын заңсыз жерге төккені расталды. Осылайша, ҚР Экология Кодексінің талаптарының сақталмауына жол бергені бойынша 9 230 000 теңге көлемінде айыппұл салынып, ластанған жерлерді толықтай тазалау, қалпына келтіруге бағытталған ремедиация бағдарламасын әзірлеп, департаментпен бекіту туралы нұсқама берілді",– дейді Түркістан облысы Экология департаментінің бөлім басшысы Мәди Қожатайұлы.
Айта кетейік, соңғы жарты жылдықта кен орнына жақын орналасқан Көксарайдың 118 тұрғынынан "лишманиоз" ауруының белгілері анықталған. Ауыл адамдары бұл аурудың себебін әлі күнге дейін кәсіпорын жұмысымен байланыстырып келеді.