Зардап шеккендер бар: Швейцарияда пойыз рельстен шығып кетті
Алдын ала мәліметтерге сәйкес, рельске қар көшкіні түсуі мүмкін.
Дүйсенбі күні таңертең Швейцарияның оңтүстігінде, Альпі аймағында аймақтық пойыз рельстен шығып кетті. Оқиға салдарынан кем дегенде бес адам жарақат алды, деп хабарлайды BAQ.KZ Euronews-ке сілтеме жасап.
Апат Гоппенштейн қаласы маңында болған. Пойыз Гоппенштейн – Хохтен бағыты бойынша қатынап, бортында 29 жолаушы болған. Оқиға таңғы сағат 7 шамасында тіркелген.
Алдын ала мәліметтерге сәйкес, рельске қар көшкіні түсуі мүмкін. Оқиға кезінде өңірде көшкін қаупінің төртінші деңгейі жарияланған.
Valais кантон полициясы тергеудің бастапқы деректеріне сүйене отырып, қар көшкіні пойыз өтпей тұрып теміржолға түскен болуы ықтимал екенін мәлімдеді.
Зардап шеккендердің бірі ауруханаға жеткізілсе, қалған төртеуіне оқиға орнында медициналық көмек көрсетілген.
Швейцарияның Федералды теміржол операторы CFF Фрутиген – Бриг бағытындағы теміржол қозғалысы Гоппенштейн мен Бриг арасында уақытша тоқтатылғанын хабарлады.
Швейцария прокуратурасы оқиға бойынша тергеуді бастады. Айта кетейік, 2023 жылы Берн маңында дауыл кезінде екі пойыз рельстен шығып, 15 адам жарақат алған болатын.