Қордайда зардап шеккен отбасыларға 44 млн теңге көмек берілді
Алматы, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы Жамбыл облысы әкімінің орынбасары Ержан Жылқыбаев брифинг барысында айтты.
Оның айтуынша, қазір Қордай ауданында қалпына келтіру жұмыстары қарқынды жүріп жатыр. Нысандарды анықтап, заңға сәйкестігін тексеріп, олардың құрылыс барысын зерделеп және сапасын, уақытында аяқталуын қадағалау үшін облыста тиісті жұмыс тобы құрылған. Бұл комиссияға белсенді азаматтар, мәслихат депутаттары, ҮЕҰ және тиісті мемлекеттік қызметкерлер кіріп отыр.
Бүгінгі таңда зардап шеккен 65 нысанның 54-не қалпына келтіру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Оның 45-і тұрғын үй және 13-і коммерциялық нысан. Қалпына келтіру жұмысына тиісті мердігерлер жұмылдырылған,-деді әкім орынбасары.
Сондай-ақ ол құрамы бес адамнан тұратын Чи Вон қоғамдық қайырымдылық қоры құрылғанын және оған демеушілердің есебінен 104 млн теңге аударылғанын жеткізді.
Қазір 6 нысанда жұмыс толығымен аяқталды, қалғандарын тамыз айының аяғына дейін бітіруді жоспарлап отырмыз. Одан бөлек орташа зардап шеккен, күрделі жөндеуді қажет етпейтін 100 нысан демеушілердің көмегімен орнына келтірілді,-деді ол.
Сөз арасында ол, Қордай ауданында зардап шеккен 39 отбасыға 44 млн теңге көлемінде көмек көрсетілгенін айтты.
Қосымша ауданның 936 отбасына 122 тонна азық-түлікн қайырымлдылық көмек берілді. Сонымен қатар асыраушысынан айырылған отбасыларға ай сайынғы 55 мың теңге көлемінде жәрдемақы тағайындалды,-деді Ержан Жылқыбаев.