«Зардап шеккен азаматтың сауығуын күтіп отырмыз»: Бақытжан Базарбек жол апаты туралы айтты
Мәжілістің бұрынғы депутаты Бақытжан Базарбек жол-көлік оқиғасына қатысты пікір білдірді.
Экс-депутат Бақытжан Базарбек өзінің қатысуымен болған жол-көлік оқиғасына қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Ол қазір оқиғаға байланысты сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүріп жатқанын айтты.
Менің қатысуыммен болған жол-көлік оқиғасына қатысты көптеген болжамдар мен түрлі әңгімелерге жауап бере алмаймын және көп нәрсені жазуға да мүмкіндігім жоқ. Қозғалған сотқа дейінгі тергеп-тексеру аясында мен және жұбайым сотқа дейінгі тергеп-тексеру деректерін жария етпеу туралы қолхат бердік. Тергеу амалдары жалғасып жатыр. Қазір қажетті сараптамалардың жүргізілуі күтілуде. Тергеп-тексеру органдары заң талаптарына сәйкес болған оқиғаның барлық мән-жайына объективті әрі әділ баға береді деп сенемін. Қазір мен үшін ең бастысы – зардап шеккен азаматтың өзіне, жақындары мен туыстарының қасында болып, оларға қажетті көмек көрсету. Біз бірнеше күн бойы іс жүзінде ұйықтамай, оның туған-туыстарымен бірге оның сауығып кетуін тілеп, дұға жасап отырмыз, – дейді бұрынғы депутат.
Бақытжан Базарбек зардап шеккен азаматқа медициналық көмек көрсеткен дәрігерлерге алғыс білдірді.
Көрсетілген шұғыл медициналық көмек үшін аудандық аурухананың барлық дәрігерлеріне, сондай-ақ Денсаулық сақтау министрлігі мен облыстық денсаулық сақтау басқармасына ерекше алғысымды білдіремін. Әлеуметтік желілерде қазірдің өзінде түрлі нұсқалар мен алып-қашпа әңгімелер тарап жатыр. Баршаңызды асығыс қорытынды жасамауға және тек ресми ақпарат пен тергеу нәтижелеріне сенуге шақырамын. Осы қиын күндерде алаңдап, қолдау көрсетіп жатқан баршаңызға рахмет! – дейді ол.
Еске салайық, кеше Жамбыл облысы Т. Рысқұлов ауданында бұрынғы Мәжіліс депутаты Бақытжан Базарбек жол-көлік оқиғасына тап болғаны жөнінде ақпарат тарады. Оқиға салдарынан 36 жастағы жаяу жүргінші ауыр жарақат алып, ауруханаға жеткізілді.
Көлік апаты халықаралық «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» автожолында орын алған. Бастапқы мәліметтер бойынша, жолда алдымен жеңіл автокөлік сиырды қағып кеткен. Осыдан кейін бір топ ер адам жүйткіп келе жатқан көліктерге кедергі келтірмеу үшін өлексені жолдың жүру бөлігінен алып тастауға тырысқан. Дәл осы сәтте Базарбек тізгіндеген «Toyota Rav-4» автокөлігі жолда тұрған азаматтардың бірін қағып кеткен.
Осының салдарынан 36 жастағы ер адам ауыр жарақат алып, шұғыл түрде Т. Рысқұлов аудандық орталық ауруханасының жансақтау бөліміне жеткізілді. Дәрігерлердің хабарлауынша, науқастың жағдайы өте ауыр. Оған жабық бас-ми жарақаты және мидың соғылуы, білек сүйегінің жабық сынуы, сирақ сүйегінің ашық сынуы және I дәрежелі травматикалық шок диагноздары қойылған.