Zaq Ninety one тобының негізгі принциптерін атады

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы «30 Leaders Meetup – тәуелсіз ұрпақ» мотивациялық форумында Ninety one тобының солисі Дулат Мұхаметқалиев айтты.

Форумда сөз алған Дулат Мұхаметқалиев (Zaq) ең алдымен пандемиямен күресте адам өмірін сақтап қалып, маңызды жұмыс атқарып жүрген дәрігерлерге алғыс айтты.

 

Толқын, музыка, өнер, бұл дүниенің бәрі мен үшін бір. Кванттық теорияға қарайтын болсақ, рух - ол энергия, энергия - ол толқын, толқын - ол музыка. Яғни дыбыс. Сол үшін музыка жай ғана музыка емес. Өнер түрге, тілге немесе шекараға бөлінбейтін керемет күш. Сол үшін қазіргі уақытта көптеген дамыған мемлекет креативті экономикаға назар аударып жатыр. Алайда бұл бағыт бойынша біздің ел әлі де жас. Креативті экономика деп шоу-бизнесті атай аламын. Қазіргі күні пандемия жағдайында біздің елдегі шоу-бизнестің жағдайы ауыр екенін бәріне анық. Яғни қаржылық үлкен тосқауылдар пайда болды, - дейді әнші.

 

Ол атағандай, 91 тобы (Juz Entertaiment) үш негізгі принципті ұстанады. 

 

Бірінші принцип – еркіндік. Екіншісі – тек қана мемлекеттік тілде ән жазып, жанды дауыста ән айту. Үшіншісі - той іспеттес шараларда өнер көрсетпеу. Нақты осы үшінші принцип бізге пандемия кезінде компанияның құлдырамауына және ары қарай дамуына үлкен септігін тигізді. Ол қалай деп ойлайсыздар? 91 тобы 2020 жылы бір альбом, өзімнен бір альбом, үлкен онлайн концерт және екі бейнебаян түсіріп, тыңдармандармен бөлісіп үлгердік. Ол дегеніміз – 91 тобы жоба ретінде жай ғана шоу емес, бизнеспен де айналыса алатынын көрсетеді. Өйткені креативті экономика басқа елдерге қарайтын болсақ (мысалы, АҚШ немесе Корея), ол елдерде миллиардтаған доллар пайда түседі және туризмді дамытады. Яғни өнер шекараға қарамайды. Толыққанды өз мәдениетімен еркін бөліседі, - деп атап өтті Zaq форумда.

 

 

Естеріңізге сала кетейік, елордада 30 жігерлі және жаңашыл жастың қатысуымен «30 Leaders Meetup – тәуелсіз ұрпақ» форумы өтіп жатыр.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: автордан
Өзгелердің жаңалығы