Заңсыз құрылыс көбейіп барады
Көкшетау қаласының қоғамдық кеңес отырысында облыс орталығында тұрғын үйлер құрылысы бойынша заңсыз әрекеттерге жол берілгені туралы айтылды, деп хабарлайды Ақмола облысындағы BAQ.KZ тілшісі.
Облыстық құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасы басшысының орынбасары Владимир Фелбелт облыс орталығындағы құрылыс бойынша орын алған заңсыз әрекеттерді алға тартты.
Ол облыс орталығында тиісті рұқсат құжаттарынсыз көппәтерлі тұрғын үйлердің құрылысы белсенді жүргізіліп жатқанын атап өтті.
«Облыс орталығының сәулеттік келбеті жобалаушылар мен жергілікті атқарушы орган бірлесіп қабылдаған қала құрылысы жөніндегі шешімдерге тікелей байланысты. Сонымен қатар қала аумағын игеру кезінде қала құрылысы регламентінде ауытқулар бар. Әкімдік қаланың бас жоспарына сай келмейтін жобаларды бекіткен. Көкшетау қаласы прокуратурасымен құрылыс жобасы бойынша 10 қаулының күші жойылды», - дейді Владимир Фелбелт.
Ол атап өткендей, егжей-тегжейлі жоспарлау жобалары жоқ нысандар салудың өрескел фактілері анықталды. Мысалы, Ғалым атындағы мешіт ауданында 4 қабатты ғимарат салу, Вавилов көшесі 67 «а» мекен-жайындағы стоматология ғимараты, Боровской 55а және 55в шағын ауданындағы көппәтерлі тұрғын үйлер заңсыз салынған. Сондай-ақ, Қошқарбаев көшесі, 45, Әбілқасымов көшесі, 164 «Абай» ТК, Байтұрсынов көшесі бойындағы 2-блок бойынша бекітілген жоспардан ауытқу бар.
«2012 жылы бекітілген Әуезов, Горький, Абылай хан даңғылы, Сүлейменов көшелерінің шекараларындағы тұрғын үй ауданының 126,8 га учаскеде соңғы жылдары 10-нан астам түзетулер енгізілген. Ал бірыңғай кешенді сәулет-қала құрылысы тәсілі болмаған жағдайда бұл аумақ жақын арада көше-жол желісі мен инженерлік коммуникациялар төсеу кезінде қиындық туғызады. Осындай өрескел заң бұзушылық қаланың орталық бөлігінің басқа учаскелері бойынша да орын алуда. Онда тар аумақтарда құрылыстардың тығыз орналасуына байланысты жылу және электрмен жабдықтауда да қиындықтар бар», - деп түсіндірді спикер.
Ол облыстың құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасы бірнеше рет Көкшетау қаласының әкімдігіне қаланың осы аумағын салудың жалпы тұжырымдамасын айқындау мақсатында жоғарыда көрсетілген жобаға түзету жүргізу туралы ұсыныстар жібергенін атап өтті.
Қоғамдық кеңесте В.Фелбелт өткен жылы облыстық бюджеттен Көкшетаудың бас жоспарын әзірлеуге қаражат бөлінгенін хабарлады. Бірақ мемлекеттік сатып алу бойынша сот процестерінің ұзаққа созылуына байланысты жұмыс тоқтатылды. Владимир Фелбелт жұртшылықты қала дамуына қатысты мәселеге ашық үн қосуға шақырды.
«Биыл Мемлекет басшысының тапсырмасымен қалалық аумақтарда «нүктелік құрылысқа» тыйым салынды. Алайда, Көкшетауда тар аумақтарда көппәтерлі тұрғын үйлердің құрылысы жалғасуда. Бұл жақын маңдағы үйлерде тұратын тұрғындардың наразылығын туғызды. Мысалы, Сәдуақасов 11/1, Байтұрсынов 95, Глинин 20, Әуелбеков 137а, Қошқарбаев, 58, Құдайбердиев 102 көшелерінде көппәтерлі тұрғын үйлер салынған. Қазіргі уақытта қала әкімдігі тұрғындар наразылығын туғызған Абай көшесі, 136 Б бойындағы спорт алаңының орнында «нүктелік құрылыс» мәселесін қарастыруда», – деп нақтылады Владимир Фелбелт.
Оның айтуынша, 2011-2017 жылдар аралығында қала бойынша кешенді құрылыс жоспарланған. Осыған байланысты егжей-тегжейлі жобалау жоспары құрылыстың үлкен аумақтарда жүретіндігін ескере отырып әзірленді. Бірақ 2018 жылдан бастап Үкімет тарапынан тыйым салынғанына қарамастан, нүктелік құрылысқа жол берілген.
Нүктелік құрылыста мердігерлер тарапынан өрт нормалары сақталмайды, үйлердің аумақтарын жолдармен қамтамасыз етілмейді. Ойын және спорт алаңдары, қоқыс жинауға арналған контейнерлерді орнату шарттары сақталмайды. Бұдан басқа құрылыстың тығыз орналасуынан осы тұрғын үйлерді арнайы үй-жайлармен, автотұрақтармен қамтамасыз ету мүмкіндігінің жоқтығы байқалады. Бұл жақын маңдағы үйлер мен жаңа үй иелері үшін де қолайсыз жағдайлар туғызады.
«Қала прокуратурасы бас жоспар бойынша жоспарлауға сәйкес келмейтін нысанды салуға тыйым салғанмен, қала әкімдігі заңды тұлғаға рұқсат құжаттарын беріп, жобалау-сметалық құжаттаманың эскиздері келісіледі. Айталық, қазан айында салына бастаған нысанға тек желтоқсанда құрылысқа рұқсат беру туралы қорытынды берілген. Мұны қалай түсіне болады?», - дейді басқарма басшысының орынбасары.
Жобалау жоспары мен түзетулердің дұрыс болмауына байланысты белгілі бір аумақтарда құрылыс жаяу жүргіншілер жолдарынсыз, алаңдарсыз, сондай-ақ әлеуметтік және қоғамдық мақсаттағы нысандарсыз жүзеге асырылады.
«Облыс орталығында құрылыс бойынша тағы бір проблема бар. Жер учаскесін мақсатсыз пайдалану байқалады немесе құрылыс салушылар тозығы жеткен тұрғын үйді бұзбай қалдырады. Ал жақын аумақта жаңа тұрғын үй кешені салынуда. Бұл қаланың сәулеттік келбетіне нұқсан келтіреді. Қала тұрғындарының мүддесі ескерілмейді. Мердігерлердің негізгі міндеті құрылыс есебінен барынша пайда табу. Біздің басты міндетіміз – адамдарға жайлы баспана салу емес пе? Құрылыс саласындағы заң бұзушылықтарды тиімді шешу үшін сәулет-қала құрылысы кеңестерінің жұмысын қайта бастау мәселесін қарауды ұсынамын. Мысалы, Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау университетіне қарама-қарсы алаңда құрылыс салушылар 5 қабатты тұрғын үй салғысы келгенімен, қала құрылысы кеңесінің мүшелері жасыл аймақты, ағаштарды бұзуға жол бермеді», – деп атап өтті Владимир Фелбелт.
Қоғамдық кеңестің төрағасы Серік Кәкенов облыс орталығындағы құрылыс проблемасы әбден пісіп жетілген мәселе екенін атап өтті.
«Көкшетау қаласының жер қатынастары, сәулет және қала құрылысы бөлімі саланы ретке келтіруі қажет. Олай болмаған жағдайда бұл мәселелермен бақылаушы органдар айналысатын болады. Мемлекеттік органдарды оңтайландыру болғанын түсінеміз, бірнеше басқарма біріктірілді. Қала әкімдігі бүгінгі таңда қалада электр энергиясы, сондай-ақ сумен жабдықтау және су бұру желілері тапшылығы себептерінің бірі жаппай құрылыс салу, тұрғын үйлердің қабаттылығын арттыру және олардың тығыз орналасуы болып табылатынын назарға алуы қажет. Сондықтан жергілікті атқарушы орган өкілдері әлеуметтік шиеленіске жол бермеу үшін құрылыс саласындағы жағдайға мұқият талдау жүргізіп, ашықтық үшін электрондық базаны жаңартуы қажет. Қоғамдық кеңес мүшелері құрылыс саласында орын алған заңсыздықтарды бақылауда ұстайды», - деп атап өтті Серік Кәкенов.