Заңсыз лотерея қызметі мен интернет-казиноға қарсы күресте 6 639 ресурс бұғатталды
Туризм және спорт министрлігі заңсыз лотерея қызметін анықтау және тосқауыл қою бойынша белсенді жұмысты жалғастыруда, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Биыл жыл басынан бері заңсыз лотерея ұйымдастыратындарға қатысты 103 әкімшілік хаттама толтырылды.
Сот талқылауы нәтижесінде 48 жеке тұлға жауапқа тартылып, қалған істерді қарау жалғасып жатыр. Заңсыз интернет-казинолармен және букмекерлік кеңселермен күрес аясында түрлі ведомстволар Бас прокуратурамен, Қаржы мониторингі агенттігімен және Ішкі істер министрлігімен бірлесіп, заңсыз қызмет белгілері бар 11 417 интернет-ресурсты анықтады.
Оның ішінде 6 639 ресурс бұғатталды, 1 237-сі өңдеу сатысында, 1 961-і қолжетімсіз, 1 353 ресурста құқық бұзушылық белгілері жоқ, ал 227-сін Мемлекеттік техникалық қызмет пилоттық режимде бұғаттады.
Туризм және спорт министрлігі азаматтардың құқықтарын қорғауды және онлайн-қызметтер нарығында тәртіпті қамтамасыз етуді жалғастырып, аталған саладағы заңсыз қызметтердің мониторингі мен тосқауыл қоюға тырысады.