Заңсыз активтер ел игілігіне: жаңа нысандар қайтарылған қаржы есебінен салынуда
Қайтарылған қаражат мектептер мен спорт нысандарының құрылысына, коммуналдық инфрақұрылымды жаңғыртуға және өзге де әлеуметтік маңызы бар жобаларды іске асыруға бағытталып отыр.
ҚР Премьер-министрі Олжас Бектеновтің «Егемен Қазақстан» газетінде жарияланған «Жасампаздыққа жетелеген жеті жыл» атты мақаласында заңсыз шығарылған активтерді елге қайтару жұмыстары жүйелі түрде жүріп жатқаны айтылады. Үкімет басшысы қайтарылған қаражаттың қандай бағытта жұмсалып жатқанын тізбектеп көрсетті, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Мақалада көрсетілгендей, жаңадан салынған әлеуметтік және инфрақұрылымдық нысандардың бір бөлігі қайтарылған активтер есебінен қаржыландырылып жатқанын атап өту аса маңызды. Өйткені бұл бюджетке салмақ салмай, өткір проблемаларды жедел шешуге мүмкіндік берді.
Мәселен, денсаулық сақтау саласында 183 нысан қайтарылған қаражат есебінен салынды, бұл «Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту ұлттық жобасын» жүзеге асыру қарқынын арттыруға мүмкіндік берді. Нәтижесінде, бүгінде Ұлттық жоба аясында еліміздің ауылдық елді мекендерінде жаңадан бой көтерген 655 алғашқы медициналық-санитарлық көмек нысаны жұмыс істеп тұр. Бұдан бөлек, осы қаражат есебінен Шығыс Қазақстан облысындағы көпсалалы аурухана мен Гематология орталығының, Маңғыстау облысындағы жедел медициналық жәрдем стансасының, Қарағанды облысындағы онкологиялық диспансердің операциялық-реанимациялық блогінің және басқа да ірі медициналық орталықтардың құрылысы жүріп жатыр, - делінген мақалада.
Сондай-ақ қайтарылған қаражат мектептер мен спорт нысандарының құрылысына, коммуналдық инфрақұрылымды жаңғыртуға және өзге де әлеуметтік маңызы бар жобаларды іске асыруға бағытталып отыр.
Мұның нақты мысалдары да бар. Атап айтқанда, былтыр пайдалануға берілген Kokshe Arena көпсалалы спорт кешені, Зеренді ауылында жаңадан салынған балалар мен жасөспірімдер спорт мектебі, Петропавл қаласындағы балабақша ғимараты, сондай-ақ Түркістан облысында ашылған музыка мектебі – соның айғағы. Мұндай әлеуметтік нысандар еліміздің әр өңірінде бой көтеріп жатыр.
Айта кету керек, активтерді қайтару саясаты қатаң түрде заң аясында жүзеге асырылады және адал қызмет атқарып отырған заңды кәсіпкерлік субъектілерінің жұмысына ешқандай кері әсерін тигізбейді.