21 Қараша 2026, 19:31 Фото: ©BAQ.KZ архиві

«Заңнан ешкім жоғары емес»: Алмасбек Мамытбеков заң алдындағы теңдік әділетті қоғамның негізі екенін айтты

Мемлекет қайраткері Алмасбек Мамытбеков заң алдындағы теңдік, сыбайлас жемқорлықпен күрес және мемлекеттік қаражаттың ашық жұмсалуы әділетті қоғамның негізі екенін атап өтті.

Заң үстемдігі, сыбайлас жемқорлықпен күрес және мемлекеттік қаражаттың ашық жұмсалуы – әділетті қоғам қалыптастырудың басты шарттары. Мемлекет қайраткері Алмасбек Мамытбеков осындай пікір білдіріп, Мемлекет басшысының «Заң мен тәртіп» қағидатына ерекше мән беруін қолдайтынын жеткізді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Оның айтуынша, сыбайлас жемқорлықпен күрес ең алдымен заң алдындағы теңдікті қамтамасыз етуден басталуы керек. Қандай лауазым иесі болса да, бұрынғы еңбегі мен қоғамдағы беделі заң бұзған жағдайда жауапкершіліктен босатуға негіз болмауға тиіс.

Қарапайым азамат ретінде айтарым, әділ қоғамда адамның кім екеніне емес, қандай әрекет жасағанына баға берілуі керек. Заң бұзған адам лауазымына қарамастан, өз ісіне жауап беруі тиіс. Сонда ғана халықтың әділдікке деген сенімі артады, –  дейді Алмасбек Мамытбеков.

Мемлекет қайраткері сыбайлас жемқорлықтың зардабын ең алдымен қарапайым халық тартатынын атап өтті. Оның сөзінше, мемлекеттік қаржы мақсатсыз жұмсалып, құрылыс жұмыстары сапасыз жүргізілсе, оның салдары тікелей тұрғындардың өмірінен көрінеді.

Осы ретте ол «Халықтық құрылыс» бағдарламасын жүзеге асыру кезінде ашықтық пен адалдықты басты назарда ұстау қажеттігін айтты.

Бөлінген қаражаттың әр тиыны өз мақсатына жұмсалып, атқарылған жұмыс сапалы болуы тиіс. Өйткені мемлекеттік жобалардың нәтижесі ең алдымен халықтың игілігіне қызмет етуі керек, – деп атап өтті ол.

Алмасбек Мамытбеков «Заң мен тәртіп» қағидаты тек жазалау шараларымен шектелмеуі керектігін де жеткізді. Оның пікірінше, заңға құрмет әр адамның ішкі мәдениеті мен жеке жауапкершілігінен басталады.

Заң мен тәртіп тек жазалаумен шектелмейді. Ол әр адамның ішкі мәдениеті мен жауапкершілігінен басталады. «Таза Қазақстан» тұжырымдамасының мәні де осында. Тазалық тек қоршаған ортаға емес, адамның ойына, сөзі мен ісіне де қатысты болуы керек, – дейді мемлекет қайраткері.

Ол мемлекеттік қызметтің басты міндеті халыққа адал қызмет ету екенін еске салды. Жоғары лауазым иесіне үлкен жауапкершілік жүктелетінін, ал халық сенімін нақты іспен ақтау қажеттігін атап өтті.

Менің пайымдауымша, «Заң мен тәртіп» әр азаматтың күнделікті өмірлік ұстанымына айналғанда ғана қоғамда нақты өзгеріс болады. Мемлекеттік қызмет те ең алдымен халыққа адал қызмет етуді білдіреді. Жоғары лауазым үлкен жауапкершілік жүктейді, ал халықтың сенімі құр сөзбен емес, нақты іспен ақталуға тиіс, – деді Алмасбек Мамытбеков.

Мемлекет қайраткерінің пікірінше, заң алдында барша азамат тең болғанда ғана қоғамда әділдік орнайды. Ешкімнің заңнан жоғары тұрмауы – Әділетті қоғам қалыптастырудың басты шарты.